Құқық қорғау органдары

Петропавлда қаңғыбастарға арналған түнеу пункті тәулік бойы жұмыс істеуде

Руслан Алибаев – Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ тұрғылықты жері, құжаттары жоқ тұлғаларды қабылдау-тарату орнының бастығы:

– Мұнда біз оларды суретке түсіреміз, саусақ таңбасын аламыз. Кейін қандай да бір қылмысқа қатысы бар ма, жоқ па, соны тексереміз. Бұл жандарды табу бізге қиынға соқпайды. Олардың паналайтын жерлерін жатқа білеміз. Мұндай рейдтік шара күнде жүзгізіледі.

Бұдан соң қаңғыбастар Жұмысшы кентіндегі бұрынғы №25 мектептің ғимаратында орналасқан түнеу орнына жеткізіледі.

Саят Ермек – тілші:

– Ыстық тамақ, жататын орын – мұнда тұрғылықты жері және құжаттары жоқ адамдар үшін қажетті жағдайлардың бәрі жасалған. Солтүстіктің сарышұнақ аяздарында бұл түнеу орны тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Қазір мұнда 40-қа жуық адам бар, ал кешкі және түнгі уақыттарда олардың саны екі есеге өседі.

Пунктте отырған қаңғыбастардың мұндай мүшкіл жағдайға түсу себептері әр алуан. Бірі ішімдікке салынып кетсе, екіншілерін балалары үйінен қуып шыққан.

Ярослав Шкляро:

– Анам қайтыс болғаннан соң әпкем үйден қуып шықты. Төлқұжатымды жоғалтып алдым, сондықтан жұмысқа тұра алмай жүрмін. Құбырларды, тораптарды паналаймын. Мұндай жағдайға түскеніме – 2-ші жыл. Далада мас күйімде қаңғырып жүргенімде, тәртіп сақшылары тауып алып, осында алып келді. Түнеу орнында алтыншы күн жатырмын. Тамақ береді, іші жылы. Алғысым шексіз.

Түнеу пунктінде 50 кереует бар, нысанның іші жылы, әрі мұнда полицейлер тәулік бойы кезекшілік етеді. Сондай-ақ, шаһардағы қоғамдық бірлестіктер мен қайырымдылық қорларының өкілдері мұндағыларға күніне бір мезгіл ыстық тамақ әкеліп тұрады. Бұл шаруаны “Қызыл ай” қоғамы және облыстық “Надежда. Вера. Милосердие” қоры өз мойындарына алған.

Неля Штайнбренер – СҚО “Надежда. Вера. Милосердие” қорының директоры:

– Пункт ашылғалы бері көмектесіп келеміз. Аптасына 4 рет ыстық тамақ әкелеміз. Қайырымдылық шараларын өткізіп, жылы киім-кешек жинаймыз. Мәселен, бүгін кешкі асқа дейін ауқаттанып алсын деп мұқтаждарға нан, май, кәмпит пен печенье және шәй әкелдік.

Жалпы айтар болсақ, бұл мекен ашылғалы 3 жылдың ішінде қала бойынша бір де бір қаңғыбас аяз құрбаны болмаған.

Саят Ермек