Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге ҚР ІІМ орынбасары Юрий Ильин келді

Юрий Ильин – ҚР ІІМ орынбасары:

– Дамба аз ғана уақыттың ішінде жылдам тұрғызылды. Дегенмен оның сапасы жақсы екен. Сондықтан көп жылдарға шыдас береді деген оймамыз. Жалпы синоптиктердің мәліметінше, су деңгейі былтырғыдай көтерілмейді. Биыл өздеріңіз көргендей, қар да аз жауды. Сондықтан өзен-көлдеріміз қар суымен аса толыға қоймайды. Оның үстіне Елбасының тапсырмасы бойынша Бұзұлық су қоймасын салу жоспарлануда. Қазір оның жобасы жасалып жатыр. Нысан Есіл өзеніндегі су деңгейін азайтуға септеседі.

Яғни, ол жергілікті Сергеев су қоймасына өзге өңірлерден түсетін тіршілік көзінің деңгейін азайтып, гидротехникалық құрылғыға түсетін ауыртпалықты төмендетуге септеседі. Бұл өз кезегінде, былтырғыдай төтенше жағдайдың қайталанбауына кепілдік бермек. Бұдан соң ҚР ІІМ орынбасары – Юрий Ильин облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қорытынды жиынына қатысты. Нақ осы жерде ол өңір құтқарушыларына өз ведомствасының жалауын табыстады.

Кейін еліміздің бас құтқарушысы Юрий Ильин Аққайың және М.Жұмабаев аудандарының әкімдерін «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапаттады.

Былтырғы көктем барлық қызметтерді әбігерге салғаны рас. Дегенмен, апаттан абдырап, қолды қусырып отырған бірде-бір жан болмады. Ендігі мақсат, ондай жағдайды болдырмау. Әрине апат айтып келмейді. Бірақ оған тас түйін дайын болу құтқарушылардың міндеті. Сондықтан олар материалдық техникалық базасын нығайтуда.

Антон Федяев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Соңғы 3 жылда мемлекеттік резервтен біздерге 56 бірлік техника берілді. Жергілікті қазынадан бөлінген қаржыға тағы 29 данасы алынды. Олардың барлығы құтқарушыларға апат болған жағдайда үлкен қолдау көрсетеді. Адам аяғы баса алмайтын жерге сол көліктердің арқасында жетеміз. Қысқы мезгілде жолда қалғандарды құтқарамыз. Жаз бен күзде өрт қауіпі күшейгенде алдын-алу шараларын күшейтеміз.

Қарап отырсақ, жылдың қай мезгілі болмасын төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үшін маңызды. Сондықтан еліміздің бас құтқарушысы оларға кез-келген жағдайға сақадай сай отыру керектігін кезекті рет ескертті.

Юрий Ильин – ҚР ІІМ орынбасары:

– Қазір міне, аязды күндер келіп жетті. Сондықтан жолда қалып қойғандар болмасын. Тағы ауа райының суытуынан құбырлар жарылуы мүмкін. Сондай жағдайларда коммуналдық қызметтермен бірлесіп, жұмыс істей білу керек. Ол қызметімізге кірмесе де, адамдарды құтқару баршамызға ортақ іс. Кейін көктемгі су тасқыны, өрт қауіпі дегендер тағы бар. Солардың барлығын ертерек қадағалап отырыңыздар.

Кейін ҚР ІІМ орынбасары Юрий Ильин Елбасының биылғы жолдауында жүктеген тапсырмаларларға тоқталды.

Юрий Ильин – ҚР ІІМ орынбасары:

– Елбасы жолдауындағы тапсырмаларды орындаудың арқасында еліміз алға қадам басады. Ал оларды жүзеге асыруға барлық қазақстандықтар бірігіп, бір адамдай ат салысуы керек. Әр адам өз жұмысын жақсы, сапалы атқарса, сонда ғана нәтижеге қол жеткіземіз. Президент маңызды құжатта барлық салаларға технологияларды енгізу керектігін айтты. Заманауи қондырғылар біздің салаға да біртіндеп кіргізілуде. Олардың тіліну табатын мамандар да қажет. Сондықтан тың технологияларды меңгеруге ұмтылған дұрыс.

Бұдан соң, өңірдің бас құтқарушысы Рамиль Камалов өткен жылдың қортындыларына тоқталды. Былтыр облыста 101 төтенше жағдай орын алыпты. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 22 пайызға төмен. Дегенмен, апаттар 67 солтүстікқазақстандықтың өмірін қиып, тағы 111 адам түрлі жарақаттар алған.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Өткен жылы өңірде 738 өрт оқиғасы тіркелді. Шығын көлемі 90 млн теңгеге жуық. Қызыл жалының 78 пайызы тұрғын жайларда болады екен. От 41 адамның өмірін жалмады. Қаза тапқандар саны 2016 жылмен салыстырғанда 24 пайызға артық. Барлық көрсеткіштер бойынша біздерде төмендеу байқалады. Тек осы өрт оқиғалары бойынша ғана өсім бар. Суда жүзу маусымында 24 адам қаза тапты. Олардың көбі белгіленбеген жерде шомылғандар.

Ал жедел құтқару жасағы өткен жылы 2787 рет көтеріліп, 592 адамның өмірін құтқарып қалған. Жыл бойына 2251 солтүстікқазақстандық эвакуацияланған. Жиын соңында ведомство басшысы қоластындағыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

 

Магжан Ахмадина