Білім

Назарбаев зияткерлік мектебінің ұжымы қазақ сөздерін латын әліпбиіне аударатын қосымша ойлап тапты

Дана Абдульманова – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәні мұғалімі:

– Негізінен жаңа жоба жасау идеясы маған келді. Студенттерге ұсынып, олар оны дамыта түсті. Андроид бағдарламасында жұмыс жасау мен үшін де, қыздар үшін де бірінші рет болғандықтан, көп уақыт жұмсадық. Алдымен, оны зерттеп, кейін ғана жұмыстың өзіне кірістік.

Осылайша, кириллица қарпімен терілген кез-келген сөз лезде латын әліпбиіндегі нұсқасында ұсынылады. Кейін оны сөздікке де қосып алуға болады. Бұған қоса, жас дарындар визуалды түрде оңай есте сақтау үшін бірқатар сөздерді суреттермен бірге берген. Бұл әсіресе, кішкентай балғындарға тиімді.

Бұлбұл Халмаан – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенті:

– Мобильді қосымша арқылы латын әліпбиін тез жаттап алуға болады. Бағдарлама барша қазақстандықтар үшін өз пайдасын тигізеді деген ойдамын. Java тілімен таныс болмағандықтан, біршама қиындық туындады. Бірақ, ізденістің арқасында барлығын тез үйреніп алдық.

Мобильді қосымшаның интерфейсі де ерекше екен. Оны студенттер жетекшілерімен бірлесе отырып жасаған. Дизайнның өзінде үлкен бір мән жатыр.

Мәдина Серік – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенті:

– Қосымшаның бетінде ескі парақтардың суреті бар. Яғни, біз өзіміздің тарихымызбен байланыстыра отыра жасадық. Сондай-ақ, мұнда қазақша пернетақта бар. Себебі, кейбір гаджеттерде оны кезіктіре алмаймыз.

Жалпы, қосымшаны дайындау барысында бұған ұқсас бағдарламалар болмаған екен. Алайда қазір, плеймаркетте оның екеуін кезіктіруге болады. Алдағы уақытта қос көмекшінің қатарын мектеп студенттері әзірленген LatinTranslatorDictionary де толықтырмақ. Өнертапқыштар жобаны дамытып, қосымшалар базасына жүктемек ниетте. Ал болашақта тек жекелей сөздердің ғана емес, ауқымды мәтіннің де латынша баламасын сұратуға болады дейді олар.

 

Эльмира Садвокасова