Қоғам

Уәлиханов ауданының белсенді азаматтары Елбасы жолдауын талқылады

Медет Оспанов – Уәлиханов ауданының әкімі:

– Үстіміздегі жылы “Маусым-Агро” ЖШС жылқы сүтінің кептірілген өнімін шығару бойынша жобасы жүзеге асады. Бұл кәсіпорын герман технологиясына негізделіп жұмыс жасамақ.

Маңызды құжатта еліміздің ресурстық әлеуетін сақтап қана қоймай, оны арттыру керек делінген. Осыдан бірер күн бұрын өткен облыс активінің жиынында қолданысқа биомассамен жұмыс жасайтын жылыту қазандықтарын ендіру мәселесі талқыланған болатын. 2018-де Уәлиханов ауданындағы 4 нысанды сабан арқылы жылыту көзделіп отыр. Ал, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу өкінішке орай, ауданда кенже қалып отыр.

Қазіргі таңда мұнда қоқысты кәдеге жарататын кәсіпорын жоқтың қасы. Ауыл шаруашылығында “ақылды технологияларды” пайдалану да мұнда ақсап тұр. Десе де, алдағы уақытта уәлихановтық фермерлер табиғаттың қолайсыз жағдайларына қарамай, мол өнім алу үшін ағылшын және неміс технологияларын пайдаланбақ. Бірнеше диқан жұмысында инновациялық технологияларды іске жаратуды бастап та кетіпті.

Сергей Гусельников – “Северная нева” ЖШС директоры, Уәлиханов ауданы:

– Біздің серіктестік бидайды кептіру үрдісінде жаңа технологияларды қолданып жатыр. Жаңа қондырғылар бір уақытта кептірілетін алтын дәннің көлемін бірнеше есе арттырып, уақытымызды және энергияны үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Онымен қоса, бұл процесс автоматтандырылған, сондықтан бір жұмысшы бір уақытта екі немесе үш бидай кептіргіште жұмыс істейді.

Уәлиханов ауданы көршілес Ресейдің Омбы облысымен шекаралас орналасқан. Екі ел арасындағы жүк тасымалының бір бөлігі дәл осы аудан арқылы өтеді. Сондықтан жолдардың сапасына мұнда ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, былтыр трассалардың дені күрделі жөндеуден өтіпті.

Біржан Қасенов – Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары:

– Өндіріс-Жамбыл бағытындағы жолды жөндеу үшін былтыр 29 млн, Жасқайрат -Тоспа-Қайрат бағытындағы жолды жөндеуге 19 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда жұмыстардың бәрі тәмам.

Ақылды технологияларды құрылыс саласы мен коммуналдық секторға да енгізу керек. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жуырда бірінші болып Петропавл қаласының интерактивті бас жоспары мен шаһар сәулетінің электрондық нұсқасы дайындалмақ. Кейін мұндай игіліктер Уәлиханов ауданында да жасалатын болады. Сонымен қатар, аудандағы елді-мекендерді таза ауыз сумен қамту мәселесі де өз шешімін тапқан.

Біржан Қасенов – Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары:

– Аудан бойынша ауылдардың 99 пайызы ауыз сумен қамтылды. Бір қана Тілеусай ауылы қалды. Бұл елді мекенге су тарту үшін республикалық және облыстық қазынадан 110 млн бөлінді.

Жолдауда медицинаға қатысты айқындалған тапсырмалар да аудандық деңгейде жоспарға сай орындалып келеді. Жуырда жергілікті аурухананың ақ халаттылары су жаңа заманауи кардиограф пен қан және зәр талдамаларын жүргізуге арналған кешен сатып алыпты. Онымен қоса ауданның басты денсаулық сақтау мекемесінде “Жетісу” медициналық ақпараттық жүйесі де жемісті жұмыс жасауда.

Райза Сейтімова – Уәлиханов аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Біріншіден, бұл жүйе дәрігердің жұмысын оңтайландырады. Мысалы, пациент талдамаларының нәтижелері электронды форматта автоматты түрде маманның компьютеріне жіберіледі. Яғни, басы артық қағазбастылықтан арылтады. Сонымен қатар, кез келген азамат емхананың тіркеу бөліміне келіп, жеке сәйкестендіру нөмірін айтса болғаны, оның электронды амбулаторлық картасы, ауру және өмір анамнезі экранға шыға келеді.

Елбасы жолдауына арқау болған білім берудің жаңа мазмұны да ауданда сәтті ендіріліп отыр. Бүгінде мұнда 265 мұғалім біліктілігін арттырып, жаңа бағдарлама бойынша шәкірт оқытуда. Десе де, білім ошықтарында физика және математика мұғалімдері тапшы. Бұл мәселе жақында өз шешімін таппақ. Сонымен қатар, аудан ұстаздары әрдайым шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып тұратын көрінеді.

Марат Балтабаев – №1 Кішкенекөл орта мектебінің директоры, Уәлиханов ауданы:

– Жуырда біздің мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі АҚШ-қа барып, қазақстандық білім жүйесінің озық тәжірибесімен бөлісіп келді.

Міне, жуырда ғана халыққа жол тартқан жолдау аясында аудан бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар осы.

Саят Ермек – тілші:

– 16 мыңға жуық тұрғыны бар Уәлиханов ауданының халқы Елбасы жолдауын талқылап қана емес, оны жоспарлы түрде жүзеге асыруды да мықтап қолға алған. Мәселен, медицина саласына сандық жүйелерді енгізу басталып кетіпті, ал ауыл шаруашылығында әзірге тек жоспарланып отыр. Десе де, бастама жоқ емес. Осындай қарқынмен жалғастыра беретін болса, онда Президент қойған тапсырмаларды орындау мүмкін болмақ.

Саят Ермек