Қоғам

Щучье селосындағы агроқұрылым ауылдың дамуына өз үлесін қосуда

Наталья Плеснякова – Щучье селосының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Суды трактормен үйімізге дейін әкеп береді. Әсіресе, егде жастағы адамдар үшін ыңғайлы. Су таза, ішуге және тамақ дайындауға жарамды.

Бұдан бөлек, агроқұрылым басшысы жыл сайын жолға инерттік материал төсеуге 1 млн тенгедей қаржы бөледі. Ал, 2014-15 жылдары бұл мақсатқа 4 млн. тенгедей ақша жұмсалыпты. Серіктестік директоры Талғат Әлжановтың сөзінше, ауылды дамытуға әр адам өз үлесін қосу қажет. Егер жұмыс орны мен лайықты жалақы болса, қалаға қоныс аударушылардың саны да азаяр еді. Мәселен, «Белое-Агро» шаруашылығында 50-ден астам адам қызмет етеді. Олардың орташа айлығы 90 мың теңгені құрайды екен.

Талғат Әлжанов – «Белое-Агро» ЖШС директоры:

– «Белое-Агро» серіктестігі өз жұмысын 2005 жылдан бастады. Алдымен, егістікпен айналыстық. 4,5 мың га жеріміз бар. Олардың 80 пайызы дәнді және майлы дақылдар болса, қалғаны жемге арналған. Өткен жылы 1 га жерден 20 ц бидай, 10 ц рапс пен зығыр жинадық. Биыл майлы дақылдарға арналған жерді ұлғайтпақпыз.

Ал, 2012 жылдан бастап Талғат Әлжанов егістік пен бірге мал шаруашылығын да қатар алуды жөн санаған. Себебі, бұл – мамандарды жыл бойына жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сөйтіп, Америкадан 200, Даниядан 100 бас Абердин Ангус сиырын әкелген. Қара малдың бұл түрі ерекше күтімді талап етпейді. Әрі кез-келген климатқа бейімделе алады, суыққа да төзімді. Бүгінде асыл тұқымды мал басы 600-ден асқан. Мәрмәр етке көршілес өңірлерде де сұраныс жоғары екен.

Александр Колодаев – «Белое-Агро» ЖШС қызметкері:

– Серіктестікте 9 жыл бойы жұмыс істеп келемін. Ал, 2012 жылдан бастап сиыр күтіміне жауаптымын. Суарып, жемін беру менің мойнымда. Ірі қараның қажетті салмақты жинауы үшін 15-16 ай қажет.

Бұған қоса, серіктестік жылқы өсіруге де көңіл бөлуде. Әзірге, тұлпарлардың санын 100-ге жеткізгенБиыл шаруашылық жетекшісі төрт түліктің басын көбейтпек ниетте.

 

Эльмира Садвокасова