Қоғам

Қыс қаһарына мінді

Айдын Байматов – СҚО ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары:

– Осы суық күндерге байланысты барлық дизельдік отынмен жүретін автокөліктермен жүру тыйым салынды. Бүгіндері тәртіп сақшылары күшейтілген режимде қызмет етуде. Әзірге, оқыс оқиғалар тіркелген жоқ.

Күнделікті шаһар жұртшылығына болса, түрлі бағыттар бойынша 282 қоғамдық көлік қызмет көрсетеді. Алайда, дүйсенбінің суығына шыдас бермеген 25 автобус бүгін рейске шыға алмапты.

Галина Семенова – «СҚО жолаушылар тасымалы» қауымдастығының төрайымы:

– Ауа-райына байланысты бірқатар көліктердің тежегіштері қатып қалып, оталмады. Жанар-жағармаймен әзірге, проблема туындап тұрған жоқ. Автобустардың 50 пайыздан астамы қысқы мезгілге берілетін сұйық отынды қолдануда.

Күннің суытқаны такси жүргізушілеріне тиімді болғанға ұқсайды. Мысалы, бүгін “Империал” ЖК-не таңғы сегіз бен тоғыздың аралығында петропавлдықтардан 600-ге жуық өтініш келіп түскен. Алайда, көлік жүргізушілері 360-тан астам адамды ғана діттеген жерлеріне жеткізе алды.

Наиль Абраев – “Империал” ЖК директоры:

– Бізге таңертең әдеттегі күндермен салыстырғанда 3 есеге көп өтініш келіп түсті. Халықтың барлығына физикалық тұрғыда қызмет көрсету мүмкін емес деп ойлаймын. Дегенмен, біздің жүргізушілер өздерінің жұмыстарын жақсы орындап шықты. Айта кетсек, біздің автокөліктердің 95 пайыздан астамы бүгін жұмыс жасап тұр.

Алайда, табиғаттың тосын сыйынан Заречный кентінде кешеден ауыз суы жоқ. Тіршілік көзінен тарыққан тұрғындар бос флягаларын сүйреп көшеде кезіп жүр.

Тоғжан Ақмағамбетова – тілші:

– Міне, көріп тұрғандарыңыздай қатты аяздың кесірінен жеке секторлардағы су колонкалары қатып қалған. Бірақ, осы мәселенің қашан шешілетіні әлі белгісіз.

Бұл проблеманы “Қызылжар су” серіктестігі шешіп жатырмыз десті. Айта кетсек, қала аумағында 500-ден астам су алатын колонка бар. Сақтықта қорлық жоқ демекші, қақаған аязға байланысты теріскейлік оқушылар үйінде отыр. Өйткені, өңірдегі барлық білім ошақтарындағы сабақтар бірнеше күнге тоқтатылды.

Тоғжан Ақмағамбетова