Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мемлекеттік басқару жүйесін және жемқорлықпен күресті оңтайландыру керек

Светлана Зайцева, сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның СҚО бойынша департаментінің инспекторы:

– Елбасы жолдауымен таныстық, зерттедік. Берілген тапсырмаларды орындау үшін жұмыс жасайтын боламыз. Соңғы үш жыл ішінде облыс бойынша жемқорлықтың 15 фактісін әшкереледік. Мемлекетке келтірілген шығынның 500 млн теңгесін қайтардық. Бұл жақсы нәтиже.

Дегенмен, өз жолдауында мемлекет басшысы мұндай бассыздықтардың тамырынан жою керек деді. Президенттің сөзінше, бұл үшін мемлекеттік органдар көрсететін қызметтерді “бір терезе” және “бір өтініш” қағидаты бойынша жүргізу керек. Сонымен қатар, мемлекеттік басқару ісіне сандық технологияларды ендіру шарт. Бұл лауазымды тұлға мен азаматтың тікелей қарым-қатынасын болдырмайды. Сәйкесінше жемқорлық фактілерін азайтуға септеседі. Теріскейліктер бұл жаңашылдықты қолдап отыр.

Ғалым Тұрсынбаев – Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Мелекеттік аппараттың жұмысын жақсарту, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және сыбайлас жемқорлықпен күресу бойынша жұмыстарды жалғастырудамыз. Былтыр бұл мақсатта 2000 жуық іс-шара өткіздік.

Стратегиялық құжатта Елбасы мемлекеттік қызметшілерге жалақыны факторлық-балдық шкалаға негізделген жаңа жүйе бойынша төлеуді тапсырды. Егер, бұл бастама жоспарлы түрде жүзеге асса орталық пен өңірлердегі мемлекеттік қызметшілердің жалақылары теңеспек. Бұл аталмыш сала қызметкерлерінің жұмысына серпін беріп, тиімділігін арттырады. Жаңа жүйе елімізде пилоттық жоба ретінде үстіміздегі жылы қолданысқа енбек.

 

Саят Ермек