Құқық қорғау органдары

ІІД-де жанармай құю станцияларының және күзет агенттіктерінің басшылары қатысқан кездесу өтті

Самал Қасенова -СҚО ІІД күзет қызмет басқару бөлімінің бастығы:

– Тонау фактілері көбінесе объектілердің техникалық түрде жабдықталмауынан, яғни бейнебақылау мен дабыл жүйесінің болмауынан орын алады. Жалпы облыс бойынша 4923 нысан күзетке алынған. Оның 494-ін арнайы күзетшілер бақылайды.

2017 жылы облыс бойынша 2221 күзет қызметкері арнайы оқу курстарынан өткен екен. Десе де, бұл тонау фактілеріне тосқауыл емес. Сондықтан, қызметкерлерді жұмысқа алу барысында оларға бірқатар талаптар қойған жөн дейді полицейлер. Мәселен, күзетшілердің жасы 50-ден аспауы керек. Олар кез-келген жағдайға физикалық, психикалық тұрғыдан дайын болулары тиіс. Сонымен қатар, оқу-жаттығулардан өту де басты шарттың бірі. Бұл мәселеге байланысты “Арнайы дайындық орталығы” ЖШС директоры Ануар Шайхиден өз ойын білдірді.

Жиын барысында қылмыскерлерге қарсылық көрсете алған “ҚазМұнайГаз” бекетінің кассирі мен сол станцияда жұмыс істейтін күзет агенттігінің қызметшісі құрмет грамотасы және сыйлықтармен марапатталды. Оқиға орын алған күні Руслан Теміров әдеттегі кезекшілігін атқарып жүрген. Оның “ҚазМұнайГаз” бекетінде күзетші болып жұмыс істеп жүргеніне жарты жыл болыпты. Мұндай жағдайға жерлесіміз алғаш рет тап болған.

Руслан Теміров – “КМG-security” ЖШС күзетшісі:

– Желтоқсанның 31-і күні екі ұры жанармай құю станциясына атып кірді. Мен оларды байқап қалып, тойтарыс бердім. Біреуіне қаруымнан оқ атып үлгердім. Кейін болған оқиға жайлы тәртіп сақшыларына хабарладым.

Әзірге бұл оқиғаға қатысы бар қылмыскерлер құрықталмапты. Сондай-ақ, бүгінгі шарада полицейлер мен күзет құрылымдары және жанармай құю бекеттерінің басшылары арасында өзара ынтымақтастық жүргізу туралы мемарандумға қол қойылды. Жалпы облыс бойынша бүгінде 104 күзет агенттігі жұмыс істейді.

 

Молдир Макишева