МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданының әкімі Якорь селолық округының тұрғындары алдында есеп берді

Болат Жұмабеков – Қызылжар ауданы әкімі:

– ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті Якорь селосына су мұнарасын тұрғызды. Алайда, ол жұмыс істемей тұр. Мен өзім осы мәселені бір жақты ету үшін істі жүргізген комитетке бірнеше мәрте хат жаздым. Нысанның құрылысынан ақау табылыпты. Сол себепті ондағылар мұнара қосылмай тұр дейді. Мұндай жағдайда күтуден басқа амалымыз жоқ.

Тұрғындарды жол мәселесі де толғандырады. Былтыр селолық округ орталығының ішіндегі 3 мың шаршы метр асфальтқа қиыршық тас төселіпті. Іске 1 млн 400 мың теңгеге тарта ақша жұмсалған. Тағы, аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға Вознесенка, Якорь ауылдарының кіре берістері қалыпқа келтіріліпті. Атқарылмаған шаруа да жеткілікті. Әсіресе, Вишневка мен Якорь елді-мекендері арасындағы жолды жөндеу қажет. Жиында бұл шаруа биыл тындырылатындығы айтылды.

– Бұған қоса, Якорь тұрғындарын жарықтандыру мәселесі де алаңдатады. Өзіміз байқағандай ауылдың басым бөлігіне шамдар орнатылмапты. Кейбір көшелерде ғана фонарьлар жұмыс істеп тұр.

Бұл мәселені де ауыл тұрғындары аудан әкіміне айтып қалды.

Раиса Зотова – Якорь селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Қыста балалар мектептен қас қарая шығады. Одан соң, жаттығуға баратындары бар. Олардың кейбірі қараңғы көшелермен жүруге мәжбүр. Селоның барлық бөлігіне жарық шамдары орнатылса дейміз.

Болат Жұмабеков – Қызылжар ауданы әкімі:

– Біз бірден ауылдың барлық көшесіне шамдар қоя алмаймыз. Өйткені, жарыққа ақша бюджеттен бөлінеді. Егер де бүкіл селоға фонарь орнатсақ шығында көп болады деген сөз. Алдағы уақытта округ әкімімен қандай көшелерге жарық шамдарын қоятынымызды ақылдасамыз.

Есептік кездесуде зейнеткерлер де өздерінің базынасына жеткізді. 70 жастағы Любовь Внукованы Якорь селосында былтыр ашылған дәріханалық пункте көп жағдайда дәрі-дәрмектің болмайтындығы алаңдатады.

Любовь Внукова – Якорь селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Өзімізге керек қарапайым белсендірілген көмірді де сатып ала алмаймыз. Қашан барсақ та препараттар болмайды. Селоға дәріні жиі әкеліп тұрған дұрыс. Мұнда зейнеткерлер көп.

Александр Құдайбергенов – Қызылжар аудандық орталық аурухананың бас дәрігері:

– Біз жылына бір-ақ рет дәрі-дәрмек сатып аламыз. Сол себепті медикаменттер аз болады. Жақында тағы әкелінеді. Онда тек бағасы қолжетімді дәрілер ғана болады.

Қызылжар аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Александр Құдайбергеновтің айтуынша дәріханалық пункте жүрек тағы да басқа ауруларды емдеуге арналған дәрілер болмайды. Ондай қымбат препараттарды тұрғындарға аудан немесе облыс орталығынан сатып алуға тура келеді.

 

Култанов Байболат