Қоғам

Облыс орталығында республикалық ғылыми-әдістемелік семинар өтті

“Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында өтіп жатқан бүгінгі республикалық ғылыми-әдістемелік семинарда өңірлік жобалау офисінің жетекшісі Ақмарал Ибраева облыста қолға алынған шаруаға тоқталды. Алдағы уақытта өңірде тағы 2 үлкен республикалық жоба іске асырылмақшы. Соның бірі – “Ботай археологиялық ескерткішіне” арналған. Бүгінгі таңда аталмыш тарихи орынның аумағында ашық аспан астындағы әлемге танымал музей ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Ақмарал Ыбраева – СҚО бойынша “Рухани жаңғыру” өңірлік жобалау кеңсесінің жетекшісі:

– Бұл жоба қабылданды. Енді оған Республикалық бюджеттен қаржы бөлінбек. Сонымен қатар, 50-ге жуық үлкен экс-жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, үш күндік семинарға Атырау қаласынан жерлестерімізбен тәжірибе алмасуға келген Қазақстан Халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі мен ғалымдары, “Қоғамдық келісім” өңірлік мекемесінің мамандары ат салысты. Солтүстік Қазақстан өңірі меймандарды өзінің көпұлттылығымен қызықтырса керек. Үш күн ішінде атыраулықтар Жамбыл ауданындағы этномәдени орталықтарды, Петропалдағы “Бейбітшілік пен келісім” орталығын, №17 ұлттық өркендеу мектеп кешенінің этномұражайын аралаған.

Ләззат Джылқышева – Атырау облысы әкімі аппаратының “Қоғамдық келісім” КММ басшысы:

– Үш күннің ішінде біраз жерді аралап үлгердік. Мен үшін таңғаларлығы, 17-ші мектепте 22 ұлт өкілі оқиды екен. Сонымен қатар, Жамбыл ауданындағы мәдени ошақтардың жұмысымен таныстық.

Жалпы өңірде “Рухани жаңғыру” бағдарламасы бойынша 300-ге жуық іс-шара ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Молдир Макишева