Қоғам

19-шы қаңтар – православ христиандарының “Крещение Господне” мейрамы

Әулие Петр мен Павел апостолдар соборынан Есіл өзеніне бет алған православ сеніміндегі христиандар құдайға сыйынды. Православ дінін ұстанушылардың сөзінше осы күні жер бетіндегі барлық су атауы жаңарып, тазарады екен. Ал, тіршілік көзінің қасиеті пайда болу үшін арнайы діни рәсіммен дұға айтылуы керек. Ол үшін Петропавл және Булаев епархиясының епископы Владимир суға белгілі дұғаларды оқып, крестті батырды.

Осылайша тазартылып, ерекше қасиетке ие болған барлық су көздері иордан сулары деп аталады. Себебі, Иисустан бастап ең тұңғыш шоқынушылар Иордан өзеніне шомылыпты.

Владимир – Петропавл және Булаев епархиясының епископы:

– Бүгін мыңдаған жұртшылық өзенге келіп, қасиетті де киелі тіршілік көзін ыдыстарына құйып алады. Бүгін аластатылған су ерекше қасиетке ие болып, кез келген ауруға шипа болады. Осындай жерлерден алынған су біршама уақыт бүлінбей тұрады.

Дін қызметкерінің аластатуынан кейін суды қасиетті деп санаған православ дінін ұстанушылар оның әр түрлі емдік әсері де бар деп есептеген. Адамның денсаулығын нығайтып, табыс әкеледі деген сенім бар. Биыл мейрамда әдеттегідей қатты аяз болмағандықтан, суық суға шомылғысы келетіндердің саны артты. Тұрғындар суға бір күмп ету үшін арнайы орынға келуде.

Юрий Балаев – қала тұрғыны:

– Менің Крещение күні суға түсіп жүргенімен 10 жылдай болды. Бүгін кішкентай ұлымды да бірінші рет әкеліп жуындырдым. Оны бұған дейін бір апта бойы суық сумен шайындырып,денсаулығын шынықтырып алдым.

Михаил Вагнер – қала тұрғыны:

– Өзенге соңғы 6-7 жыл қатарынан түсіп жүрмін. Бүгін барлығына зор денсаулық тілеймін.

Өзен үстіне жиналған халықтың қауіпсізідігі – жіті назарда. Бұл күні тәртіп сақшылары, құтқарушылар мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері Есіл бойында кешкі сағат 9-30-ға дейін кезекшілік атқармақ.

Шәмшиден Ақышев – Петропавл қаласы ІІБ жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары:

– Бүгін Крещение мерекесі өтіп жатыр. Бұған біздің 150-ден артық полицей жұмылдырылған. Незінен, біз қоғамдық және жол қауіпсіздіктігін жіті бақылауда ұстаудамыз.

Айта кетсек, православтардың Крещение мейрамына орай қалалық жағажайда – 4, ал өзен порты аумағында 2 ойық әзірленген.

Тогжан Акмагамбетова