МТРА жаңалықтары

Өңірдің белсенді азаматтары Елбасы жолдауын талқылады

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов бастаған облыс активі Назарбаев Зияткерлік мектебінде бас қосып, стратегиялық құжатта басымдық берілген 10 міндеттің әрқайсысына жеке-жеке тоқталды.

 

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Жолауда елімізді дамытудың бағыттары белгіленіп, Елбасы нақты тапсырмалар берді. Осы тапсырмаларды қалай жүзеге асырамыз, біздің қандай мүмкіндіктеріміз бар? Бүгінгі жиналыста осыны талқылайтын боламыз.

Шынымен де, теріскей жұрты стартегиялық құжатта айқындалған тапсырмаларды қажетті деңгейде орындай ала ма? Іске асыра алады, әрине. Алдымен, Елбасы айтқандай, индустрияландыруға жаңа технологияларды ендіру шарт. Өңір басшысы да төртінші өнеркәсіптік революцияның негізгі қозғаушы күші болып саналатын сандық технологияларға басымдылық беру керек деп санайды. Ол үшін облыстағы зауыттарды жаңғыртып, заманға сайлау қажет. Кейін экспортқа шикізатты емес, дайын өнімдерді шығаруды мықтап қолға алған жөн.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Мәселен, өткен жылдың соңында “Маслодел” ЖШС-нің су жаңа сүт өңдеу зауыты жұмысын бастады. Бұл кәсіпорында орнатылған заманға сай жаңа қондырғылардың арқасында өнімділік көлемі 2,5 есеге өсті, онымен қоса электр энергиясы үшін жұмсалатын шығын көлемі 3 есеге қысқарды. Замануи технологиялардың көмегімен әзірленген қаптамалар сүт өнімдерінің дәмі мен жарамдылығын 4 айға дейін сақтауға мүмкіндік береді.

Стартегиялық құжатта еліміздің ресурстық потенциалын сақтауға да көңіл бөлінген. Яғни, мақсат – ақырын болса да анық қадамдар арқылы елімізді жаңғырмалы энергия көздеріне көшіру. Бұл орайда Солтүстік Қазақстанның жүзеге асыруды межелеген бірнеше жобасы бар.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Бүгінде Тайынша ауданында қуаттылығы 35 МВТ құрайтын жел станциясының құрылысын жоспарлау жүріп жатыр. ЭКСПО-2017 көрмесінде көрсетілген замануи технологияларға негізделген жобаларды ендіру бойынша да жұмыстар атқарылауда. Онымен қоса, биыл өңір бойынша 130 мекемеге зығыр сабанының көмегімен жанатын қазандықтарды орнатуды көздеп отырмыз. Бұл қазандықтар өзімізде жасалатын болады. Осылайша, өңірдің ресурстық әлеуетін сақтамақпыз.

Елбасы жолдауында басымдылық берілген тағы бір сала – агроөнеркәсіп кешені. Оны дамытудың да алғышарты – салаға ақылды технологияларды ендіру деген болатын Президент. Солтүстік Қазақстан – аграрлық өлке, сондықтан бұл үрдіс өңірде қарқынды дамуы тиіс. Қазірдің өзінде бұл бағыттағы бастамалар баршылық.

Анатолий Рафальский – “Тайынша-астық” ЖШС директоры:


– Бірнеше жыл болды, өз жұмысымызда электрондық салмақ өлшегіштерді қолданып келеміз. Бұл бағдарламаны сандық технологияларға көшудің алғашқы сатысы деп білемін. Мұндай салмақ өлшегіш қағазбастылықтан айырады. Сонымен қатар, алтын дәнді тасымалдайтын жүк көліктерінің жұмысын тежемейді. Ал астықтың салмағы бірден есеп бөліміне жіберіледі. Осылайша өлшеуші қызметкерлердің тарапынан да алаяқтық жасау қаупі жойылады.

Мал шаруашылығын да ұмытпаған жөн. Сандық технологияларға ауыл шарушашылығының бұл саласындағы еңбеккерлер де басымдық беру керек деп санайды жиналғандар. Ол үшін бүгіннен бастап жаһандық өзгерістерге бейімделе білетін кадрларды даярлауға ден қойған абзал.

Ақан Жүнісов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “ауыл шарушылығы” кафедрасының оқытушысы:

– Мал шаруашылығы экологиялық жағынан тиімді, ал өнімдер экологиялық тұрғыда таза болуы тиіс. Осы бағытта цифрлендіру аса маңызды. Сондықтан, біз бірнеше кәсіпорынмен келісім шартқа отырдық.

Стартегиялық құжаттың төртінші бағытын мемлекет басшысы көлік-логистика саласына арнады. 2017 жылы Қазақстан арқылы өтетін жүк транзиті 17 млн тоннаға жеткен. Солтүстік Қазақстан Ресеймен шекаралас жатқандықтан, екі мемлекет арасындағы экспорт пен импорттың басым бөлігі біздің өңір арқылы өтеді. Сол себепті жолдардың жөнделуі, жүк тасымалын дамытуды тежеп тұрған мәселелерді шешуге назар аудару керек. Бұл мақсатта да теріскейде ауқымды шаруа атқарылмақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл өңірде 369 км жол жөндеу көрмек. Осы мақсатта өңір қазынасынан 10,5 млрд теңге қаржы жұмсалады. Сонымен қатар Ресеймен шекаралас Мамлют ауданында көліктік-логистика орталығын ашпақ ниеттеміз. Мұнда жүксақтау орындары, дәмхана, қонақ үй және техникалық қызмет көрсету станциялары орналаспақ. Мұның бәрі жүк тасымалдаушылардың игілігіне жасалады.

Стартегиялық құжаттың жетінші бағытына адами капитал негіз болған. Ол үшін ең алдымен тек Қазақстанға тән білім берудің озық жүйесін құру керекпіз. Сондай-ақ педагогикалық кәсіптің мәртебесін арттырып, мұғалімдерді жаңашылдықтарға бейімдеуіміз керек. Бұл мақсатта былтыр білім берудің жаңартылған мазмұны жасалып, ел көлемінде қолданысқа енген болатын. Қазіргі таңда 1,2,5 және 7 сынып оқушылары жаңа форматта білім алуда. Оның тиімділігін жиынға келген білім саласының мамандары ерекше атап өтті.

Гүлжан Жақанова – дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” мектеп-лицейінің директоры:

– Сыни ойлау қабілетін дамытуға, өз ойын еркін жеткізуге дағдыландырады. Мұғалім балада өзіндік ізденіс қабілетін қалыптастырып, баланы ағымда ұстайды. Бұл жас ұрпақты табысқа жетелейді.

Жолдауда қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, аурудың алдын-алуға бағытталуы тиіс делінген. Теріскейде бұл тапсырманы орындау басталып кетті. Мәселен, 2018 жылы өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің 100 пайызын қажетті электрондық медициналық жүйелермен қамту аяқталатын болады. Сондай-ақ облыстың әр тұрғыны үшін электрондық амбулаторлық паспорт та жасалмақ. Жалпы жиында өңірдің белсенді азаматтары жолдауда басымдылық берілген 10 бағыттың әрбірін саралап, сараптап шықты. Оларды тиімді жүзеге асырудың жоспарын да жасады. Атқарылар жұмыс әлі алда дейді жиналғандар. Осы қарқынмен жалғастыратын болсақ, Президент айқындап берген тапсырмаларды қажетті деңгейде орындайтынымыз анық.

Саят Ермек