МТРА жаңалықтары

Өңірде әкімдердің есебі жалғасуда

Эльмира Сәдуақасова – тілші:


– Ұзақ жылдар бойы Дружба селосының тұрғындары тіршілік көзін жалғыз су таратушы пункттен тасуға мәжбүр. Нысан ауылдың шетінде орналасқандықтан, егде жастағы адамдар үшін тіптен қиын. Аталған мәселе биыл түбегейлі түрде шешімін таппақ.

Есептік кездесуде ауылдың әлеуметтік ахуалына қатысты қордаланған мәселенің бастысы осы. Тұрғындар бұл сұрақты жыл сайын көтереді екен. Себебі, тіршілік көзін оларға тек күніне екі рет алуға мүмкіндік бар – сағат 11-ден 12ге дейін және түскі 3 пен 4 аралығында.

Вера Шалашникова – Дружба селосының тұрғыны, Тимирязев ауданы:


–  Бізде қариялар саны жетерлік. Оларға алыстан үйлеріне су тасу қиын. 2 әлеуметтік қызметкер бар. Мазалайтын сұрақ осы ғана. Биыл су бола ма? Жоқ па?

Аудан әкімі ауыз су мәселесімен жақсы таныс. Себебі, бұл проблема жалғыз Дружбада ғана өткір тұрған жоқ. Дегенмен, биылдан бастап ауылдықтар бірнеше шақырымды артқа тастап, суға бармайтын болады. Селода 13 су колонкасы орнатылмақ. Жұмыстар көктем кезінде басталады деп жоспарлануда.

Ербол Сағдиев – Тимирязев ауданының әкімі:


–  Бізге 18 ауылды ауыз сумен қамту үшін шамамен 59 млн тенге қажет. Биыл аудандық бюджетте ондай қаражат бар.

350 оқушыға шақталған мектеп, тұрақты жұмыс пен лайықты жалақы. Бұл 50 жыл бойы Дружба селосында тұрып жатқан Татьяна Криворучиктің естелігі. Өкінішке орай қазіргі ауылдың жағдайы мүлдем бөлек. Сондықтан да нәзікжанды әкім есебіне арнайы келіпті. Алғыстан гөрі айтар шағымы көп. Оның алғашқысы пайларға қатысты. 2003 жылы тұрғындар өз иеліктеріндегі жерлерін «Атамекен-Агро-Тимирязев» ЖШС тапсырған екен.

Татьяна Криворучик – Дружба селосының тұрғыны, Тимирязев ауданы:

– Әр тұрғынның еншісінде 27 га жер бар. Олардың 18-і егіндік. Қалған тоғызына сабан мен жем егеді. Сондықтан, біз тек 18 га үшін ғана ақша алатынбыз. Алайда, серіктестік егіндік жердің көлемін ұлғайтты.

Осы орайда, төленетін пай да көбею қажет деп отыр тұрғындар. Мәселе қанша көтерілгенімен, агроқұрылым басшылары оған құлақ аспайтын көрінеді. Бұл сауалды аудан жетекшісі серіктестік өкілдеріне жеткізетінін айтты.

Ербол Сағдиев – Тимирязев ауданының әкімі:

– Сіздер жиналыңыздар, серіктестікпен кездесу ұйымдастырайық. Барлық дәйектеріңізді қарастырып, ортақ шешімге келетін боламыз.

Татьяна Криворучикті мазалаған келесі сұрақ – тегін дәрі-дәрмекті жеткізу уақыты. Нәзікжанды мен оның жұбайы гипертонияға шалдыққан. Сондықтан, олар заң бойынша тегін препараттармен қамтылулары тиіс. Алайда, тиісті дәрілер ауылдықтарға жетпейді екен.

Жанар Косубаева – Тимирязев аудандық орталықтандырылған ауруханасының бас дәрігері:

– 2017 жылы Тимирязев аудандық ауруханасы 23 млн. тенгенің тегін дәрі-дәрмегімен қамтылды. Алайда, жоғарыда айтылған мәселе бәрібір кездеседі. Биыл препаттарды әдеттегіден ертерек алатын боламыз. Мәселе туындамайды деген үміттемін.

Дегенмен, бұл медицина саласына қатысты туындаған жалғыз мәселе емес.

Мағауия Зикирин – Дружба селосының тұрғыны, Тимирязев ауданы:


–  Ауруханаға 40-50 шамасындағы жігітті апарғанмын. Тамағында бірдеңе тұрып қалыпты. Тимирязевте шланг және шам жоқ. Бізді қалаға жіберді.

Мәселені, аудандық аурухананың бас дәрігері өз бақылауына алатынын айтты. Сондай-ақ, тұрғындар дүкендегі азық-түліктің бағасын қадағалау қажеттігін атап өтті. Жалпы, өткен жылғы есептік кездесуде 2 өзекті мәселе қозғалыпты. Оның бірі – жарықтандыру жайы болса, екіншісі аудан орталығы мен село арасында қатынайтын автобус. Барлығы көтерілгеннен кейін көп ұзамай шешімін тапқан.

Эльмира Сәдуақасова