Мәдениет

Н. Оқашеваның “Күз бен қыз” атты жыр жинағы жарық көрді

Театр әртістері өз кезегінде ғашықтық пен махаббат сезімдері жайлы жазылған жыр шумақтарын өнер сүйер қауымға бар жан-тәндерімен жеткізуде.
Негізінен, бұл жинаққа лирикалық өлеңдер топтастырылған.

Алмагүл Тасанова – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің 2-курс студенті:

– Нұргүл Оқашева менің ақындық жолымдағы ұстаздарымның бірі. Оған деген алғысым шексіз. Мен ол кісінің өлеңдерін оқығынды шын жүректен ұнатамын. Оқығанда жай ғана емес, тебіреніп оқимын.

Ұлжан Сүлейменова – Н.Оқашева шығармашылығының табынушысы:
– Шығармашылығы махаббат жайлы көбінесе.Өте жүрекке жақын. Оқығанда өзің сезіммен оқисын.

Бұл жас ақынның екінші жыр жинағы. Нұргүл Оқашева осыған дейін дүйім жұртқа алғашқы “Жүрегім жырдан ғана жаратылған” атты туындысын ұсынып үлгерген. Нәзік жандыны ақындық өнерге мектептегі мұғалімдері баулыған көрінеді. Міне, 10 жылдан астам қалам тербеп жүрген ол Фариза Оңғарсынова атындағы “Өлең, мен сені аялап өтем!” және Мұқағали Мақатаев атындағы “Поэзия, менімен егіз бе едің?” атты республикалық ақындар мүшәйрәсінің жеңімпазы атаныпты.

Нұргүл Оқашева – ақын, “Қызылжар нұры” газетінің шеф-редакторы:


– Негізінде, әдеби ортадан менің біраз өлеңдерім қолдау тапты. Республикалық деңгейдегі танымал ақын-жазушылар маған шынайы лебіздерін жеткізіп жатыр. Соның ішінде, “Ғашық жүрек лайық қанша?” атты өлеңім серпіліс туғызды. Осы туындыма жуық арада ән жазылмақ. Әншіні әлі таңдаған жоқпыз. Бірақ, құпия болсын. Белгілі әншіге бермекпіз.

Нұргүл Оқашеваның қарымды да шуақты жырлары әлі де жазылу үстінде. Олар келесі жыр жинағына негіз болмақ.

 

Тоғжан Ақмағамбетова