Қоғам

С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада Елбасы жолдауына арналған көрме ашылды

Мәселен мына стеллажда страгетиялық құжаттың сегізінші бағыты – тиімді мемлекеттік басқару саласына қатысты кітаптар, әдістемелік нұсқаулықтар мен заңдар жиынтығы орын тепкен. Ал жетінші бағыт – адами капиталды жаңғырту мәселесіне арналған бөлім тіпті қызық.

Саят Ермек – тілші:


– Көрмеге қойылған көп кітаптардың ішінде мына әдебиетке назар аудармау мүмкін емес. Жаңа мамандықтардың атласы. 2031 жылы біздің ұрпақтарымыз кім болып жұмыс істейді, қандай жаңа мамандықтар пайда болады? Мұнда 2,5 мың сарапшының пікірі білдірілген, онымен қоса 74 жаңа мамандық жайлы ақпарат берілген.

Қазақстан қандай бағыттарда дамуды меже етіп отыр? Елбасы кезекті жолдауында қандай мәселелердің пернесін қозғады? Мұны қатардағы теріскейліктер де, оқушылар да, аға буын өкілдері де білуі тиіс дейді ұйымдастырушылар.

Дамира Серікбаева – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК қазақ тіліндегі әдебиет бөлімінің кітапханашысы:

– Көрмені жасаудағы мақсат – қарапайым кітаптар арқылы оқырмандарға жолдауда көтерілген мәселелерді түсіндіру. Мұнда 260 дәстүрлі және электронды кітаптар қойылған.

Көрменің тұсаукесеріне келгендерге экспозиция егжей-тегжейлі түсіндірілді. Кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды ендіру, білім саласы мен медицинадағы жаңашылдықтар. Бір сөзбен айтқанда, мұнда стратегиялық құжатты түсініп, зерттеп, сараптауға қажеттінің бәрі бар.

Валерия Каранда – М.Айтхожин атындағы №1 орта мектептің оқушысы:

– Келесі жолы міндетті түрде келемін. Себебі қызықтырған кітаптар көп болды. Жолдаумен танысқан едім, енді оны жіті түсінуде бұл көрменің берері мол деп ойдаймын.

Мейрам Тұрғынов – зейнеткер:


– Жақсы ақпарат алдық, Президенттің жолдауымен таныстық. Өте ризамыз.

Көрме жыл бойы жұмыс жасамақ. Келіп оқып, танысамын деушілер үшін есік ашық.

 

Саят Ермек