Без категории

Ленинградтағы басқыншылар құрсауының бұзылғанына 75 жыл

Вера Яковлева – блокадашы:


– Әрқайсымызға күніне 100 грамм нан беретін. Шыны керек, оны нан деп айту қиын болды. Алайда қарнымның ашқаны соншалық, ол кезде мен үшін бұл қатты әрі дәмсіз тілімнен артық ештеңе болған жоқ. Бірде бірінің үстінде бірі жатқан, ақпен жабылған жүздеген өліктерге көзім түсті. Бұл көрініс менің жадымда мәңгі сақталды. Аштықтан төрт жасар сіңілім де қолымда отырып ажал құшты. Ал әуе шабуылдары болған кезде аспан айналып жерге түскендей көрінетін. Мұндай сұмдық екінші рет қайталанбаса деймін.

Қарияның өзінен басқа бес бірдей бауыры болыпты. Соғыс басталғанда әкесі майдан шебіне аттанып, сонда қаза тапқан. 43-ші жылдың қысында блокада құрсауы бұзылғанда Вера, оның анасы мен бауырлары аман-есен Қазақстанға көшіріледі. Ал 1944 жылы Ленинград жаудан толығымен босатылады. Қуанышты хабарды естіп, туған қалаға қайтар жолда Петропавлға тоқтаған отбасын белгісіз жандар тонап кетеді. Осылайша, құжатсыз, қаражатсыз қалған олар осы шаһарда қалуға мәжбүр болған. Саналы ғұмырын Қызылжарда өткізсе де, кейуананың туған қаласына деген сағынышы басылмапты.

Вера Яковлева – блокадашы:


– Мен бұл қаланы сүйемін, себебі мен сол жерде дүниеге келдім. Таныстарым, туғандарым және жолдастарымның көбі құрсауда қаза тапты, мен де блокададан соң туған жеріме қайта алмадым. Десе де жыл сайын Ленинградқа барып сағынышымды басып тұратынмын. Қазір қартайдым, жасым келіп, денсаулығым сыр бере бастады. Сондықтан Петербор мен үшін арман болып қалды.

1954 жылы Вера апай Петропавлда тұрмысқа шығады, ал 56-шы жылы ұлы Евгений дүниеге келеді. Вера Яковлева 9 жыл жергілікті тігін фабрикасында қызмет атқарған екен, кейін 31 жыл Құйбышев зауытында дәнекерлеуші болып жұмыс істепті. Глоукома сырқатының кесірінен қария 4 жыл бұрын көз жанарынан айырылған. Қазір оны жалғыз ұлы күтіп бағуда.

Саят Ермек – тілші:


– СҚО-да Вера Яковлева секілді Ленинград қоршауынан аман шыққан 13 ардагер тұрады екен. Биыл қанды құрсаудың сыр беріп, аш-жалаңаш блокадашылардың алғашқы легінің бостандыққа шыққанына 75 жыл толып отыр. Яғни 1943 жылдың 18 қаңтарында кеңес әскерлері Ладож көлінің оңтүстік бөлігін фашистерден босатып, құтқару шараларын бастайды. Ал тура бір жылдан соң Ленинград құрсауы толығымен бұзылды.

 

Саят Ермек