Құқық қорғау органдары

Көшелердегі камералардың саны артуда

Мағжан Ахмадина – тілші:


– Қауіпсіздік белдігін тақпағандар, бағдаршамның қызыл түсін ескермегендер мен жолды белгіленбеген жерде кесіп өткен жаяу жүргіншілердің құлағына алтын сырға. Енді барлық осындай заңбұзушылықтарды бейнабақыбау камералары тіркейді. Бүгіндері олардың мүмкіншіліктері де артқан. Бейнені 30 есе үлкейтуге болады.

Егер бұрындары стационарлы камералар бір бағытта ғана түсіретін болса, мына қондырғылар 180 градусқа айналып тұрады. Сөйтіп, маңайындағының бәрін жазады. Ал алынған видео 30 тәулік бойы сақталады. Сондықтан оны тәртіп сақшылары даулы жағдайларда қолдана алады екен.

Айдын Байматов – СҚО ІІД ЖПҚ бастығының орынбасары:

– 2017 жылы осы камералардың көмегімен 429 қылмыстың беті ашылды. Ол негізінен жол ережелерін бұзу, ұрлықтар. Бұл камералардың бір көмегі оны дәлел ретінде қолданамыз. Олар парктерде, қоғамдық орындарда жалпы адам көп жүретін жерлерде орнатылған.

Жедел басқару орталығының мамандары орын алған заңбұзушылықтар жайлы ақпаратты бірден сол маңда жүрген тәртіп сақшыларына береді.

Руслан Үмбетов – СҚО ІІД жедел басқару орталығының кезекші инспекторы:

– Айталық, міне мына кісі қазір Интернационал-Жабаев көшелерінің қиылысында темекі шегіп, қалдығын лақтырып жіберді. Бұл бұзақылық болып саналады. Сондықтан оның әрекетін мен сол жерге жауапты 9-шы аумақтық пунктегі инспекторларға баяндаймын. Олар азаматпен тілдесіп, әкімшілік хаттама толтырады.

Камера түнгі уақытта да 100 метрге дейінгі қашықтықта орналасқаның бәрін анық көрсетеді. Бүгіндері аталған қондырғылармен қаладағы барлық 13 учаскелік полиция пунктері жабдықталған. Сөйтіп, теріскейлік тәртіп сақшылары тың жаңашылдықты ел бойынша алғашқылардың бірі болып енгізіп отыр. Мәселен, бірінші учаскелік полиция пункітінің қарамағында 33 бейнебақылау камерасы бар екен. Тәртіп сақшылары қондырғылардың арқасында жұмысымыз жеңілдей түсті деп отыр.

Сейілбек Елжасов – Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ №1 УПП учаскелік инспекторлардың қызметін ұйымдастырушы:

 


–  Бейнекамералар өзіміздің жұмыс жасап жатқан учаскелерде болып жатқан барлық әкімшілік құқықбұзушылықтарды, қылмыстарды ашуға көмектеседі. Мысалы, осы жылдың басында Партизан көшесіндегі 12 үйде үлкен дүкен бар. Сонда ұрлық болды. Ұрыны осы камералардың арқасында
құрықтадық.

Осыған дейін Петропавлда небәрі – 74 камера ғана болған екен. енді олардың саны 410-ға жеткен. Қондырғыларды орнатумен отандық «Транстелеком» компаниясы айналысыпты.

Саян Әшірбеков – «Транстелеком» АҚ өкілі:

–  Камералар 2 мега пиксель. Фул аж ди сапасында түсіреді. Олар кісілер көп шоғарланған жерлерде орнатылды. Айналмалы камераларды екі оператор қадағалап отырады.

Айта кетейік, камераларды сатып алуға жергілікті бюджеттен 300 млн теңге қаржы бөлінген.

Мағжан Ахмадина