Мәдениет

Ақын, композитор Дастен Баймұқанов 60 жасқа толды

Шара барысында мәдениет майталманының өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Осы жерде оның сиясы кеппеген “Өмірмен кеңескенде” атты жинағы да көпшілікке таныстырылды.

– Марал Оспанова – жазушы Зейнелғаби Иманбаевтың қызы:


– Дастен Баймұқановты бала кезінен білемін. Бірінші сыныптан бастап оқуда озат, қоғамдық шараларда белсенді болды. Өмірде жақсы істері көп. Өзі поэзияны жақсы көреді. Өнерлі, домбырашы, айтыскер.

Жерлесіміз Дастен Баймұқановтың өзге қасиеттері “Шабыт құшағында” атты әдеби-сазды кеш барысында айтылды. Жиналғандардың көпшілігі Дастен Баймұқановты сан қырлы азамат десті. Негізгі мамандығы математик болғанымен саналы ғұмырын
өнерге арнаған. 97 жылдан бері бизнеспен айналысатын жерлесіміз соңғы 17 жылда өңірімізде ақындар айтысын, жыршылар мен термешілер байқауларын ұйымдастырып, конкурстарға өзі демеушілік етіп жүр.

Дастен Баймұқанов – ақын, композитор:


– Мен айтысты 2000 жылдан бастадым. Айтыстың арқасында елге жаңа есімдер белгілі болды. Дарын мектебінде, Бәйтеректе айтыс мектебін аштым. Өңірімізде талантты жастар жоқ емес бар. Ең қиыны сұраныс жоқ. Ешкімге ештеңе керек жоқ.

Сонымен қатар Дастен Баймұқанов – композитор. Сазгердің бірнеше әні отандастарымызға жақсы таныс. Бірқатарын әнші Дәмеш Құрманкина 10 жылдан артық үлкен сахналарда шырқап жүр.

Дәмеш Құрманкина – әнші, ҚР Мәдениет қайраткері:

– Д:Баймұқановтың “Аққуға наз”, “Қарашадағы қария”, “Қазағым” әндерін орындап жүрмін. Соңғысының мен үшін шоқтығы биік. “Қазағым” әнін сахнада орындап жүргеніме 16 жылдың жүзі болыпты. ҚР Тәуелсізідігінің 10 жылдық мерейтойында Конгрессхолда орындадым. Бұл әнде Тәулесіздік алған Қазақстан, қазақ халқы жайында айтылған.

Дастен Баймұқанов Дәмеш Құрманкинамен бірге осымен 2-ші жыл қатарынан “Сайра домбыра” дәстүрлі әндер байқауын да ұйымдастырып келеді. Жерлесіміздің өнерден бөлек, ұлттық тарихымызға да қосып жүрген үлесі аз емес. 60 жасқа қараған шағында ол “Өмірмен кеңескенде” атты алғашқы жинағын баспаға берген.

Дастен Баймұқанов – ақын, композитор:


– Өмірдегі ойларымды осы кітапқа сиғыза білдім. Мұнда өлең, проза, әңгімелерім бар. Тарихи деректер де келтірілген. СҚО мықты адамдар болған. Қожамбет, Тоғжан, Шағырай, Мұстафа, Бәди, Балта осында мықты ақындарды халыққа жариялау керек.

Бұл кітапта Қожамбет Ордабайұлы бабамыздың шежіресі бар. Оны Дастен Баймұқанов Кеңес ауылы моладасынан және атақты ақын Ахметжан Нұртазиннің қолымен жазылған қағаздарынан көшіріп алыпты. Көзінің қарашығындай сақтап келген көнерген парақтарды Д. Бамұқанов облыстық тарихи-өлкетану музейіне табыстады.

Берік Қасен