Әр түрлі

Полиэтилен пакеттен бас тарт

–  Апа-әжелеріміз қолданған азық-түлікке арналған қағаз бумалары кімнің есінде? Шетел киноларын қарап отырсаң, ондайлардың әлі де қолданыста екенін байқауға болады. Қоршаған ортаға зияны келмейтін бұл пакеттерді бүгінде әлемнің ондаған елі күнделікті пайдаланып келеді. Тіпті, Франция, Бельгия, Италия сынды мемлекеттер полиэтиленнен мүлдем бас тартқан.

Ал біздер үшін полиэтилен пакеттерінсіз күнделікті өмірді елестету мүмкін емес. Аталған қалталар жүздеген жылдар бойы шірімей, түскен ортасына зиянын тигізеді. Ал өртесең – жану кезінде ауаға аса улы органикалық қосындылар бөліп шығарады. Экологияға келтіретін залалына қарамастан, қазақстандықтар бір мезетте одан бас тарта алмайтын көрінеді. Алайда, енді елімізде полиэтиленді тегін беруге тыйым салынбақ. Бұндай мәселені ҚР Энергетика министрлігі көтеріп отыр. Бастама – пакеттердің сансыз қолданысын тыйады деп күтілуде. Алайда, кейбір ғалымдар одан да полиэтиленді қайта өңдейтін зауыттарды салған тиімді деген пікірлерін білдіруде.

Дмитрий Мокшин – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ магистранты:


–  Қағаз пакеттерді қолдануға біздің еліміз әлі де дайын емес деп ойлаймын. Бұған қоса, оның материалын шетелден сатып алу қажет. Бұл да қомақты қаражатты талап етеді. Одан да осы ақшаны қайта өңдейтін кәсіпорындарға құйған жөн.

2013 жылдан бері Қазақстан нарығына қағаз пакеттер еніп келеді. Оны «Home Info» компаниясы басып шығаруда. Бұндай қалталар финдік крафт материалынан жасалады екен. Ал, қағаздың өзіне тағамдық бояулар арқылы кез келген жарнаманы жайғастыруға болады. Бұндай буманың біреуі -15-20 тенге тұрады. Алайда, кәсіпорын оны дүкендер мен халыққа тегін таратады екен. Аталған бастама өткен жылдың қыркүйегінен теріскей өңірінде де қолға алынды.

Роберт Подласов – «Home Info» компаниясы СҚО филиалының директоры:

– Финдік крафт материалының бағасы қымбат. Қазақстанда ол шығарылмайтындықтан, шетелден алуға мәжбүрміз. Әзірге пакеттер тек нан және тоқаштарға ғана арналған. Себебі, нан өнімдерін полиэтиленде сақтауға болмайды. Қыркүйек айынан бастап 15 000 дана пакет сатылды. Біз Петропавл нан-тоқаш комбинатымен жұмыс істейміз.

Бастаманы жергілікті халық та бірауыздан қолдап отыр. Себебі, экологияны осы бастан ойлау қажет дейді олар.

–  Маған қағаз пакеттер полиэтилленнен қарағанда көбірек ұнайды. Бірақ, біздің елімізде кездестірген жоқпын.

 

– Біздің жастық шағымызда бұндай полиэтиллендер болмайтын. Қазір болса, олар кең қолданыста. Алайда, мен қағаз пакеттерді қолдар едім. Зияны жоқ қой.

Алдағы уақытта компания азык-түлікке арналған қағаз пакеттерін шығаруды да ойластырып отыр.

Эльмира Сәдуақасова