Құқық қорғау органдары

Петропавлда дүкен тонағалы жатқан 21 жасар жігіт ұрлық үстінде ұсталды

Тонағалы жатқан азық-түлік дүкенінде осыған дейін пеш жағушының міндетін атқарыпты. Сондықтан, ол бейнекамералардың орналасқан жерлерін жақсы білген. Дей тұрғанмен аңдаусызда қателік жасап, күзетшінің көзіне түсіп қалады.

Қуаныш Сүлейменов – Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ жол-патрульдік полиция батальонының қызметкері:

– Оны байқап қалған дүкен күзетшісі дереу полиция өкілдеріне қоңырау шалды. Тәртіп сақшылары оқиға орнына 4 минуттың ішінде жетіп келді. Баукеспе – Қызылжар ауданының 21 жастағы тұрғыны. Ол ішке терезе арқылы енген. Есікті ар жағынан құлыптап алып, полицейлерге қарсылық көрсетті. Ақыры тәртіп сақшыларына есікті бұзуға тура келген.

Ұсталған жігіт қаражат тапшылығынан әрі бұрынғы дүкен қожайынынан өш алу мақсатында осындай қадамға барған.
Ол кассадан 107 мың теңге мен ұялы байланыстың төлем карталарын қолды етпекші болыпты. Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті. Полицейлер ұрыны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатқан.

Валентин Кручинин – дүкен қызметкері:


– Ақша толық көлемде сол күні дүкен қожайынына қайтарылды. Күзетшінің жылдам әрекетінің арқасында сауда нүктесіне айтарлықтай шығын келген жоқ.

Жалпы өткен жылы облыс аумағында 4 мыңнан астам ұрлық фактісі тіркелген. Мұндай қылмыс түрін ашу көрсеткіші 64,5 пайызды құрап отыр.

Берік Қасен