МТРА жаңалықтары

Өңірде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу қарқынды дамуда

Қазірдің өзінде облыста қарапайым қоқыстан пайда тауып отырған 16 кәсіпорын жұмыс істейді екен. Солардың бірі – “Вторсырье” серіктестігі. Кәсіпорын айына 100 тоннаға жуық шикізатты сұрыптап, оларды Қазақстанның басқа қалаларына жөнелтеді.

Қайыржан Айсин – “Вторсырье” ЖШС директоры:


– Бізде арнайы қабылдау пункттері жұмыс істейді. Онда шыны, картон, қаңылтыр және пластиктен басқа, ескі тұрмыстық тезхниканы да қабылдаймыз. Былтыр біздің компания 1200 тонна қоқысты іріктеді. Шикізатты Алматыға жібереміз.

Келер жылы серіктестік сұрыптайтын шикізат көлемін айына 150 тоннаға дейін өсіруді меже етіп отыр. Алайда, бұл мақсатқа тұрғындардың көмегінсіз жету мүмкін емес дейді кәсіпкер.

Қайыржан Айсин – “Вторсырье” ЖШС директоры:


– Былтыр қаланың тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімімен келісім шартқа отырдық. Оның негізінде көпқабатты үйлердің аулаларында пластик, шыны және қаңылтыр құтыларға арналған 350 арнайы контейнер орнатылды. Егер әр отбасы аталған қалдықтарды осы контейнерлерге салатын болса, біз сұрыптайтын шикізат көлемі әрине артады. Осы жылы арнайы контейнерлердің санын екі есеге көбейтпекпіз.

Өңірде жылына 14-18 мың тонна автокөлік шинасы қолданыстан шығады екен. Шикізатты жергілікті “Soltustik Rubber recycling” серіктестігі жинап, олардан кеспе резеңке плиталар жасап шығарады. Оларды негізінен балалар және спорт алаңқайларына төсейді. Себебі, мұндай кілемшелердің үстіне құлаған адамның жарақат алу қаупі біршама төмен. Тауардың бұл түріне ел бойынша сұраныс жоғары дейді кәсіпорын басшысы. Сондықтан серіктестік алдағы уақытта өндіріс көлемін біршама ұлғайтуды көздеп отыр.

Талғатбек Ғалеев – “Soltustik rubber recycling” ЖШС директоры:

 


– Жылына 1,5-2 мың тоннадай шина өңдеп, 15-20 мың шаршы метр плита шығарамыз. Әзірге шикізатты қаланың ішінде ғана жинап жатырмыз, биылдан бастап аудандарға да шықпақпыз.

Кезекті халыққа жолдауында мемлекет басшысы да бұл сұрақты айналып өтпеді. Елбасы тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған кәсіпорындарды ашуға шағын және орта бизнес субъектілерін тарту қажеттігін алға тартты. Айқындалған тапсырма тиісінше орындалса, болашақта еліміздің экологиялық әлеуеті жақсармақ.

Саят Ермек