Білім

Назарбаев зияткерлік мектебінде шетелдік студенттер тәжірибесімен бөлісуде

Мейман Назарбаев Зияткерлік мектебіне тәжірибе алмасу мақсатында келіпті. Шетелдік азаматты Қазақстандағы білім беру жүйесі қызықтыратын көрінеді.

Игнасио Бедоя – Массачусетс технологиялық институтының 2-ші курс студенті:

– Қазақстанда жаратылыстану-математика бағыты жақсы дамыған. Оқыту әдісінде біршама айырмашылықтар баршылық. Мәселен, бұл жерде балалар көбінесе жұмыстарды жазбаша орындайды. Ал, біз практикаға басымдық береміз. Десе де, мені осындағы мұғалімдердің сабақ беру әдісі қызықтырады.

Шетелдік студенттің сабақты өткізу әдісі өзгеше. Игнасио өзінің білген-түйгенін жастарға тек сөз жүзінде ғана емес, қимылмен де түсіндіреді. Мұндай сабақ теріскейік ұл-қыздардың көңілінен шықты.

– Игнасионы 1-ші рет көргенде, таңғалдым. Себебі, 19 жаста бола тұра, өте ақылды. Әр бір сабағын тағатсыздана күтемін. Күн сайын бізге қызықты теориялар мен формулаларды үйретеді.

– Физиканы оқыту әдісі өте қызықты. Олимпиадаға дайындық ретінде көптеген есептерді шығарамыз.

Ал, Иона Борнс-Вейл болса, дәл сол танымал институттың математика мамандығының 4-ші курсында оқиды. Математика қиын пәндердің бірі болса да Иона студенттерге оны жеңіл түрде түсіндіруде.

Иона Борнс-Вейл – Массачусетс технологиялық институтының 4-ші курс студенті:

–  Дәріс барысында математика саласындағы ауқымды тақырыптарды талқыладық. Студенттермен 4 жыл бойы жинаған тәжірибеммен бөлістім. Олар айтқанды бірден ұғып алады.

Жалпы, 2017-ші жылдың қазан айында Петропавлдағы Химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне Массачусетс институтынан бірнеше резюме жіберіліпті. Мектепке келгісі келгендердің арасынан осы 2 студент таңдалып алынған. Сұхбаттасудан кейін Иона мен Игнасио бірден оқу барысына кірісіп кетті. Үш жұмаға келген шетелдік меймандарға мұнда барлық жағдай жасалынған. Қазір шетелдіктер студенттердің бірінің үйінде тұрып жатыр.

Нұрболат Бейсенғалиев – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының орынбасары:

–  Білім жүйесінде түрлі реформалар қабылданып жатыр. Назарбаев зияткерлік мектебі алдыңғы қатарлы мектеп боғандықтан, жаңа әдіс-тәсілдерді үйренуді жөн көрдік. Сол себепті шетелдік студенттерді шақырдық.

Бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектебінде 115 ұстаз жұмыс істесе, оның 11-і – шетелдік мұғалім. Алдағы уақытта да тәжірибе алмасу мақсатында шетелдерде ағылшын тілін меңгеріп жатқан студенттерді шақыру жоспарланған.

Молдир Макишева