Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мамлют ауданына қарасты Щучье елді мекеніндегі бастауыш мектеп жұмысын қайта бастамақ

Ал, ауылдық оқушылар көршілес Белое елді мекеніндегі интернатта білім алып жүр. Балалардың тасымалымен айналысатын арнайы автобус та бар. Дегенмен, ата-аналардың сөзінше, оқу аптасы аяқталған соң жеткіншектерді кешкі 8-ден кейін ғана үйлеріне әкеледі. Ал, бастауыш сынып оқушылары үшін тіптен қиын дейді енді мектеп табалдырығын аттаған Рустамның анасы Марина Антошина.

Марина Антошина – Щучье селосының тұрғыны, Мамлют ауданы:


–  Балам 8 жаста. Биыл 1-ші сыныпқа барды. Үйден жырақта болған соң, қиын. Тәртібі де өзгеріп барады. Қасымда болса, тәрбиесін өзім қадағалар едім. Ал, 5-ші сыныптан бастап, оны интернатқа жіберуге дайынмын.

Белое селолық округі әкімінің сөзінше, бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады. Бастауыш мектептің өз жұмысын жалғастыруы үшін кем дегенде 5 оқушы білім алулары қажет. Алайда, биыл балалардың саны жетпепті.

Бибігүл Қасенова – Белое селолық округының әкімі, Мамлют ауданы:


–  Келесі оқу жылынан бастауыш мектеп қайта өз жұмысын бастайды. Бірақ, бізде мамандар тапшы. Ауылымызда бірде-бір мұғалім жоқ. Сондықтан, Белое селосынан бір ұстазды сұрататын боламыз.

Бұл селолық округ әкімінің есебінде қозғалған жалғыз сұрақ емес. Щучье тұрғындарын ауылдар арасындағы жол мәселесі де мазалайды. Әсіресе, көктем кезінде қар еріп, елді мекеннен шығу мүмкін емес дейді олар. Бұл ретте жергілікті «Белое-Агро» серіктестігі қолдан келген көмегін аямайды. Жыл сайын жолға инерттік материал төсеу үшін 1 млн теңге көлемінде қаражат бөлінеді екен.

Бибігүл Қасенова – Белое селолық округының әкімі, Мамлют ауданы:


–  Жөндеу жұмыстары әрдайым жүргізіліп тұрады. Ал, түбегейлі өңдеу жасау үшін жүздеген миллион қажет.

Тұрғындардың сөзіне сенсек, бұдан басқа ауылда шешілмеген мәселе жоқ. Округ аумағында 4 серіктестік пен 20 шаруа қожалығы бар. Олар егістік және мал өсірумен айналысады. Ауылдықтардың басым бөлігі де ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді екен.

Бибігүл Қасенова – Белое селолық округының әкімі, Мамлют ауданы:

 

– Округ аймағында ауыл шаруашылығына арналған 37 мыңдай га жер бар. Оның 23 мыңы – егістік алқабы. Агроқұрылымдардың жанар-жағармайына былтыр 13 млн 419 мың 400 тенге көлемінде субсидия бөлінді. Тағы тыңайтқыштар мен гирбицидтерге 25 млн-ға жуық қаражат қарастырылған.

Жұмыссыздық жайламаса да, округтен қоныс аударушылар бар. Өткен жылы олардың саны 40-тан асқан. Былтырғы есептік кездесуде бар болғаны 4 сұрақ көтерілген. Бүгінде олардың барлығы шешімін тауыпты.

Эльмира Сәдуақасова