Балалар

“Движение” халықтық би ансамбілі “Большая планета” халықаралық фестивалінен жүлделі оралды

Амира Төленғұтова – “Движение” халықтық би ансамбілінің бишісі:

 


– Бимен айналысу – менің сүйікті ісім. Анам мені осы үйірмеге 4 жыл бұрын берді. Сахнаға шыққан кезде, өзімді еркін сезінемін. Маған осындай байқауға қатысып, түрлі қалаларды шарлаған ұнайды.

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында қаңтардың 4-і мен 9-ы аралығында өткен байқауда жас бишілер 2 номинация – “Балалар биі” мен “Эстрадалық би” бойынша өнер көрсеткен. Жарысқа 4 ай бойы дайындалған талантты бүлдіршіндердің маңдай тері ақталды. Әсіресе, эстрадалық жанрдағы “Супер детки” билері әділ қазылар алқасының көңілінен шығып, олар 1-ші дәрежелі дипломмен марапатталған. Ал “Балалар биі” жанрындағы “Веселые клоуны” композициясы бүлдіршіндерге 2-ші орын сыйлаған.

Бишілер оларды мұндай көлемдегі байқауға дайындаған жетекшілерінің еңбегін жоғары бағалауда.

Найля Мамбетова -“Движение” халықтық би ансамбілінің жетекшісі:

– Біз кіші құраммен халықаралық фестивальге алғаш рет қатысып отырмыз. Байқауда қатысушыларға арналып шеберлік сағаттары өткізілді. Балалар өздерін жақсы қырынан көрсетті. 4 нөмірлі биді балалар жоғары деңгейде орындап шықты. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әлі талай белестерді бағындырамыз деген үміттемін.

Бұл фестиваль жас бишілер үшін үлкен тәжірибе болары анық. Жалпы аталмыш би ансамбіліне бірнеше мемлекеттен келген 100-ге жуық жеткіншек бағын сынапты.

Молдир Макишева