Спорт

Облыс орталығында көркем гимнастикадан ашық облыстық турнир өтті

Вероника Кравченко – жарысқа қатысушы:


–  Гимнастика нәзікжандыларға тән спорт түрі болғандықтан, маған өте ұнайды. Турнирге 1 ай бойы дайындалдым. Орындаған элементтерімнің бас бөлігі сәтті шықты. Ал, қалған қателіктерімді жаттықтырушыммен түзейтін боламыз.

Қайни Қаражігітованың да спорттың бұл түрін серік еткеніне 7 жыл болыпты. Көркем гимнастиканы таңдағанына жеткіншек еш өкінбейді. Болашақта кәсіби түрде өнер көрсетіп, биіктен көрінетініне сенімді. Әрбір қимылын ерекше сүйіспеншілікпен орындаған Қайни бар дайындығын көрсетіп бақты. Себебі, бүгінгі сайыста ол спорт шеберіне үміткер атағын растамақ ниетте.

Қайни Қаражігітова – жарысқа қатысушы:


–  Менің гимнастикамен шұғылданып жүргеніме 7 жыл болды. Балабақша кезінде бардым. Сол уақытта жаттықтырушы менің қабілеттерімді байқап, кәсіби түрде айналысуға шақырды.

Бірі қазылар алқасының алдында өнер көрсетіп жатса, енді бірі мына жақта соңғы дайындықтарын пысықтауда. Қатысушылардың сөзінше, ең бастысы өзіңе деген сенімділік. Гимнастика әдемі спорт түрі болғанымен, шыдамдылықты талап етеді. Әсіресе, гимнастикаға енді ғана ден қойғандар үшін қиын. 360 градусқа иіліп, күрделі элементтерді орындау кезінде жыламау мүмкін емес. Жалпы, бүгінгі турнирге барлық жас ерекшеліктері бойынша 110 жеткіншек қатысуда. Олардың 15-і Ресейдің Екатеринбург қаласынан келген спортшылар.

Людмила Ленцикова – жарыстың бас төрешісі:

 

Жарыс бағдарламасы өте ауқымды. Қыздарымыз жекелей де, топтық сындарда да өнер көрсетуде. Үздік шыққан теріскейліктер ағымдағы айдың 28-і Шымкент қаласында өтетін ел чемпионатына жолдама алады.

Турнир ұйымдастырушылары алдағы уақытта бұл жарысты дәстүрлі түрде халықаралық дәрежеде өткізбекші.

Эльмира Сәдуақасова