ТЖ

Демалыс күндері өңірде 12 өрт оқиғасы тіркелген

Саят Ермек – тілші:


– Кеше ғана қаладағы Ленинград көшесінде орналасқан мына тұрғын үйде жаға ұстатарлық өрт оқиғасы орын алды. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, үйдің шатыры жоқ, онымен қоса бірнеше қабырғасы да құлаған. Ал ең өкініштісі, қызыл жалын екі бердей адамның өмірін жалмады.

Үйдің жанып жатқаны жайлы ақпарат өрт сөндірушілерге күндізгі сағат 4-тер шамасында түседі. Қызыл жалын лап еткенде үйде 90 жастағы кейуана мен екі жасар сәби болыпты. Құтқарушылар оқиға орнына жеткенде қызыл жалын баспананың төбесі мен қабырғаларына тарап кеткен екен. Сондықтан үйдегілердің өмірін құтқару мүмкін болмапты.

Қайрат Садықов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

– Үй ағаштан жасалғандықтан және ескі болғандықтан оның төбесі опырылып түсті. Сондықтан іштегі адамдарды табу қиынға соқты. Жақында тұрған адамадардың әрекетсіздігінен үйдегілерді құтқару мүмкін болмады. Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

Тағы бір өрт қаладағы Гагарин көшесінде орналасқан 4 қабатты тұрғын үйде орын алған. Отқа немқұрайлылық танытқан 65 жастағы ер азаматқа ыс тиіп, салдарынан ол оқиға орнында көз жұмған. Ал, 3-ші Сенная көшесіндегі жер үйді шарпыған жалын 71 жастағы мүгедек әйелдің өмірін қиды. Қария пештің күлін баспана іргетасының маңына төккен. Ол көзді ашып жұмғанша жанып, үйдің төбесі мен қабырғасына жайылған. Шыны керек, бұл қайғылы оқиғалардың бәрі тұрғындар селқостығының салдары дейді мамандар. Сондықтан, өңір құтқарушылары азаматтарға отпен абай болуға кеңес береді.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:


– Демалыс күндері СҚО-да 12 өрт оқиғасы орын алып, салдарынан 4 адам қаза тапты.

Өткен апта бойы облыс аудандарында ойнақ салған дүлей боранда да 3 бірдей жерлесіміз көз жұмды. Денесін үсік шалып, ажал құшқандардың ішінде Жамбыл мен Тайынша аудандарының тұрғындары бар. Ал Уәлиханов ауданында болған оқиға тіпті ақылға сыймайды.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:


– Қаңтардың 12-сі 1997 жылы туған Уәлиханов ауданы Береке ауылы тұрғынының үсік шалған денесі табылды. Ауылдық мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған жас маман боранда үйін таба алмай, адасып кеткен. Оның денесін елді мекеннен 10 шақырым жерде Қайрат ауылының тұрғындары тауып алған.

Қыстың қаһары шаһарда білінбегенімен, өңірдің кейбір аудандарында мұндай қолайсыз ауа райы кем дегенде әлі 3 күнге жалғасады дейді мамандар. Сондықтан, ұялы телефоныңызға дауылды ескерту хабарламасы келсе, алыс жолдан аулақ болған абзал.

Саят Ермек