Қоғам

Петропавл гарнизонының әскери прокуроры өткен жылды қорытындылады

Талғат Бекбергенов – Петропавл гарнизонының әскери прокуроры:

– 2016 жылмен салыстарғанда былтыр Петропавл гарнизонындағы қылмыстар саны 15-тен 11-ге дейін төмендеді. Оның 8-і әскери қылмыс.

Өткен жылы Петропавл гарнизонында қайғылы жағдайлар да тіркелді. Қызметін өтеу барысында 2 адам қайтыс болыпты. Олардың қатарында ҚР Ұлттық ұланы әскери институтының 3-ші курс курсанты да бар. Қазір бұл іске қатысты Жоғарғы әскери прокуратурада тергеу жүргізілуде. Сонымен қатар, былтыр Петропавл гарнизонының қадағалаушы орган өкілдері, мамандардың әлеуметтік құқықтарын қорғау мақсатында бірқатар жұмыс тыңдырған.

Талғат Бекбергенов – Петропавл гарнизонының әскери прокуроры:

– Өткен жылы өзім 59 рет азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдадым. Тұрғындардың өтініштері бойынша негізсіз оқудан шығарылған 3 курсант пен 1 кадет қайта оқуға қабылданды. 6 пәтерде заңсыз тұрып жатқан әскерилерді анықтадық. Олар баспаналарды босатты. Кейін, үйлер қазіргі күні еңбек етіп жүрген мамандарға берілді.

Бұдан бөлек, Петропавл гарнизонының прокуратурасы СҚО бойынша қорғаныс істері департаментімен де тығыз қарым-қатынаста. Қадағалаушы органның бастамасымен Айыртау ауданында жаңа қорғаныс істері жөніндегі бөлім қолданысқа берілмек.

Еркінбек Байболов – СҚО бойынша қорғаныс істері департаментінің бастығы:

– Біздің өңірде әскерге шақырушы жастарды медициналық ексерістен өткізетін 19 дәрігер керек. Осы мәселені реттеу үшін Петропавл гарнизонының прокуратурасы аудандарға мамандарды жібереді.

Тағы, қазіргі күні облыстық қорғаныс істері департаментінде Петропавл гарнизоны прокурорының бөлмесі жұмыс істейді. Бұл жерде отыратын мамандарға әскерге шақырылушылар мен олардың ата-аналары жеке сұрақтары бойынша жолыға алады.

 

Култанов Байболат