Өнеркәсіп

Мәжіліс депутаттары Петропавл нан-тоқаш комбинатының жұмысымен танысты

Ерлан Қайшыбеков – «Петропавл нан-тоқаш комбинаты» ЖШС директоры:

– Былтыр кәсіпорнымызда жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Өндіріс ошағын қажетті қондығылармен қамтамасыз еттік. Айына 600 тоннадай тауар шығарамыз. Алдағы уақытта Қазақстанның басқа өңірлерінде де тауарымызды саудалап, Ресей нарығына шықпақпыз. Сондай-ақ, денсаулыққа пайдалы тұтас дәнді нан түрлерін арттыру жоспарда бар.

Келесі аптада 300 кг-дай тауар Омбы қаласындағы Қазмаркетке жол тартпақ. Жалпы кәсіпорын тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл ретте елімізде 2011 жылы енгізілген сараланған тариф ақшаны үнемдеуге септескен екен. Цехтағы жұмыстың қуаттылығы да тәулік бөліктеріне қарай бейімделіпті. Алайда, өткен жылдың екінші жартыжылдығында дифференциалды тариф алынып тасталды. Осының кесірінен өндіріс ошақтары шығынға батып жатырмыз деп дабыл қағуда. Аталған өзгеріс салдары нан-тоқаш комбинатын да айналып өтпеген. Мәселен, былтыр айына электр энергиясы үшін 9 млн тенге төлеген кәсіпорынның биылғы шығыны 4 млн теңгеге өсіпті.

Сергей Звольский – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Екі аптадай жұмыс сапарымен жүріп, теріскей өңірінің тұрғындарымен кездестік. Олар тарифтің өзгеруіне байланысты наразылықтарын білдіріп жатыр. Әсіресе, бизнес өкілдері үшін бұл қиындық тудыруда. Дифференциалдық есеп енгізілгенде, кәсіпорындар жұмыс тәртібін өзгертіпті. Алайда, барлығы дерлік қаражаттарын үнемдеді. Сондықтан, премьер министрге депутаттық сауал жолдамақпыз.

Қазіргі таңда кәсіпорында 350-ден астам адам қызмет етеді. Өткен жылы мамандардың орташа айлығы – 70 мың теңгені құраған.

Эльмира Садвокасова