Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елбасы жолдауы Ассамблеяда талқыланды

Гүлбақша Мұсабаева – “Urpaq” қазақ мәдени-ағартушылық орталығының төрайымы, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті:

– Елбасы өз жолдауында “Инвесторлар елді таңдамайды, қаланы таңдайды”,- деді. Сондықтан біз астананы одан әрі дамытуымыз керек.

Жолдауда Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі – азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық сабақтастық пен конфессияаралық келісім деді. Бұл игіліктерді сақтап қана қоймай, елімізді ілгері жылжытуға үлесін қосып келетін бірден-бір қоғамдық институт – ҚХА-ның алатын орны орасан дейді жиналғандар.

Наиль Салимов – СҚО Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

– Саяси тұрақтылықтың арқасында бүгінде Қазақстанда бейбітшілік пен келісім патшалық етіп отыр. Әрине, ҚХА мұның бәрін сақтап, одан әрі дамыту жолында еңбек етуде. Қазақстан көпұлтты мемлекет, сондықтан Президент айқындап берген міндеттерді орындап, заманауи мемлекет боламыз десек, ең алдымен этностар арасындағы ауызбіршілікті одан әрі сақтай білуіміз керек.

Пікір алмасуға келгендердің қатарында облыстық ассамблея мүшелері, қалалық ұйымдардың жетекшілері бар. Олардың сөзінше, ресурстық әлеуетімізді одан әрі дамытып, қоғамның түрлі салаларына жаңа технологияларды ендірсек, ақылды қалалардың санын арттырып, жемқорлықпен күресті оңтайландырсақ, сондай-ақ жолдауда басымдылық берілген басқа да белестерден аса білсек, Қазақстан сөзсіз үздіктердің қатарынан көріне алады.

 

Саят Ермек