Білім

Білім берудің жаңа сапасы

Амангелді Иманов – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ педагогикалық факультетінің деканы:

– 2019 жылы үштілді топтарды ашпақпыз. Яғни, болашақ ұстаздарды өз пәндері бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сабақ беруге машықтайтын боламыз. Қазірдің өзінде педагогикалық мамандықтарға деген сұраныс артуда. Мемлекет тарапынан бөлінетін гранттардың саны да көбеюде. Ал, университетті бітіріп шыққан мұғаліммдердің 90 пайызы жұмыспен қамтылады.

Қазірдің өзінде еліміздегі жалпы білім беретін мектептердің 1, 2, 5 және 7 сыныптары білім берудің жаңартылған мазмұнына көшіп үлгерді. Десе де, шәкірт оқытудың қазақстандық озық жүйесін жасаймыз десек, ең алдымен мұғалімдік кәсіптің мәртебесін арттыру керек делінген жолдауда. Сондықтан Елбасы жаңа мазмұнға бейімделіп, біліктілігін арттырған ұстаздардың жалақысын биылдан бастап 30 пайызға арттыруды тапсырды. Теріскей педагогтары бұған дән риза.

Ғалия Күзембаева – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі:

– Бүгінде біздің мектептің 20 педагогы өз біліктілік арттыру курстарынан өтті. Енді олардың жалақылары өсетін болды. Сондықтан мұғалімдер қауымы өте қуанышты.

Кезекті жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ жас ұрпақта ғылыми-зерттеулер жүргізу машығын қалыптастырып, оқушыларды өндірістік-технологиялық ортаға бейімдеу қажеттілігін де алға тартты. Бұл жаңашылыдық та білім саласы мамандарын қуантпай қоймады.

Данияр Уәлиев – химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары:

– Қазір ұстаздар физика, химия, биология секілді пәндерді ағылшын тілінде оқытуға машықтанауда, курстардан өтуде. Бұл сыни тұрғыдан ойлай алатын, білімін қолдана алатын жастарды тәрбиелеуде өте маңызды.

Сондай-ақ стратегиялық құжаттың жетінші бағытында қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындатуға, үштілділікті дамытуға, онымен қоса, білім беру үрдісіне техникалық қолдау көрсетуге баса назар аударылған.

 

Саят Ермек