Қоғам

2019 жылы мемелекеттік органдар құжаттарын электрондық форматта жүргізе бастайды

Сәйкесінше, архивке тапсырылатын түрлі құжаттардың түпнұсқасы да серверде сақталатын болады. Яғни цифрлердіру үдерісі құжаттама және архив саласына да келмек. Сондай-ақ, өңір мұрағатшылары тарих қойнауындағы ұмытылып қалған мәліметтерді жаңғыртып, халыққа жарияламақшы. Осылайша, олар ұрпақты ұлттық идеологияда тәрбиелеуге үлес қосуды көздеген. “Рухани жаңғыру” бағдарламасына тоғыстырылған бұл ойлар елбасының кезекті жолдауына да арқау болды.

Жанагүл Айтхожина – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің архивисі:

– “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында киелі жерлер картасына енген жобалар бойынша жұмыс жасаймыз. Айталық, Айғаным ханым туралы көбірек мәліметтер жинастырамыз.

Заман талабына сай, білім саласы реформалануда. Бұдан былай педагогтар балаларды өздігінен білім іздеу дағдыларына машықтандыратын болады. Ұлт көшбасшысы, әрбір қазақстандықты білім көкжиегі кең, әлемдік көзқарастар мен құбылыстарға тез бейімделетін тұлға ретінде тәрбиелеуді тапсырды. Отырыста сөз алған түрлі саланың мамандары жолдаудың әр бағытын сөз етті. Мәдениет саласының қызметкері Біржан Жалғасбаев озық технологияларды өскелең ұрпаққа үйреткен орынды дейді.

Біржан Жалғасбаев – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры:

– Озық технологияларды өскелең ұрпаққа үйреткен орынды. Олар сандық жүйелерді қазірден бастап үйренсе, келешекте оларға ғылыми-ортаға тез сіңісіп кетуге оңай болады.

Отандастырымыз болашақта алаңсыз күн кешу үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Соның ішінде сапалы баспанамен қамту алдыңғы орындарға шығып отыр. Келешекте сонымен қатар, электр, жылу энергиясы мен суды үнемдеуге үйреніп, Елбасының тапсырмасына сай көппәтерлі тұрғын үйлерді ақылды қондырғылармен жабдықтау міндеті де тұр. Жиынға қатысушылар бұл бастамалардың көп ұзамай іске асатынына сенімді.

Берік Қасен