Қоғам

Солтүстік Қазақстанда газ бағасы қымбаттауы мүмкін

Олег Иванов – “Горгаз-сервис” ЖШС директоры:

– Бұрын біз Атырау мен Ақтөбедегі зауыттардан газдың бір тоннасын 28 мың теңгеден алатынбыз. Биыл баға 38 пайызға өсті. Бұл ретте біз де көгілдір отынның құнын көтеруіміз керек. Өйтпеген, жағдайда шығынға батамыз. Бұдан бөлек, газды қымбаттату арқылы комммуналдық шығындарды жабу мүмкін болады. Жөндеу жұмыстарын жүргізуді де жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар, серіктестік газ бағасын арттыру арқылы жұмысшыларының жалақысын 7 пайызға өсіруді көздейді. Қазіргі таңда кәсіпорында 154 адам еңбек етуде. Олардың орташа еңбекақылары 91 мың теңгенің маңайында. Көгілдір отынның құны артатын болса, бұл сома 96 мың теңгеге жетпек. Айта кетейік, өңірде сұйытылған мұнай газының құны өткен жылдың шілдесінде ғана өскен болатын.

Наталья Шаяхметова – Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Шілде айында 1 куб газ құны 426-дан 489 теңгеге дейін қымбаттады. Тариф тағы 15,5 пайызға өсуі мүмкін. Бұл өзгеріс бекітілсе, тұрғындар 1 куб көгілдір отын үшін 565 теңге төлейді. Газ құнының өсу-өспеуі қаңтар айының 26-шы жұлдызы күні белгілі болады.

Көгілдір отынның бағасы көтерілсе “Горгаз-сервис” серіктестігі қосымша 29 млн теңге табыс көрмек. Ол қаржының жартысына жуығына кәсіпорын қысқы мерзімге арналған 1500 тонна пропан газын сатып алмақ. Бұл ретте қоғамдық тыңдалымға қатысушылар монополист компания басшысына сұрақтарын жаудырды. Олардың дені бағаның шарықтауына қарсы.

Александр Казанцев – “Вода хрустальная” ЖШС директоры:

– Соңғы екі жыл ішінде газ бағасы 29 пайызға өскелі отыр. Бұл артық емес пе? Тағы, қысқы мерзімге арналған 1500 тонна пропан газы біздің өңірге жете ме? Көгілдір отынның тапшылығы болмауы қажет.

Олег Иванов – “Горгаз-сервис” ЖШС директоры:

– ҚР энергетика министрлігі бағаны көтерсе, біз де өсіруіміз керек. Олай болмаса компания газды сатып ала алмайды. Басқа да жұмыстары алға баспайды. 1500 тонна пропан газын 13 миллион теңгеге сатып аламыз. Жоспарымызға сай көгілдір отынның қоры жеткілікті.

Айта кетейік, қазіргі күні жергілікті “Горгаз-сервис” серіктестігі қаламыздағы 55 мың абонентті көгілдір отынмен қамтып отыр.

 

Култанов Байболат