Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары жұмыс сапарымен Тайынша ауданындағы кәсіпорындарда болды

Жандос Есенбай – “BioOperations” ЖШС бас директоры, Тайынша ауданы:

– Өткен жылдың желтоқсан айында элеватор мен диірмен кешенінің желілері іске қосылды. Әзірге ұн үгу жұмыстарымен шектелудеміз. Зауыт тәулігіне 900 тонна бидайды өңдеуге қауқарлы. Бірақ біз толық қуатқа көшірген жоқпыз.
Астықты өңір аграрийлерінен нарық бағасымен сатып алудамыз. Кешен аумағында жалпы сыйымдылығы 50 мың тоннаны құрайтын қоймаларымыз бар.

Кешен жұмысымен Парламент Сенатының депутаттары танысты. Зауыттағылар үстіміздегі жылдың 2-ші тоқсанында бидай желімтігі мен крахмал шығармақшы. Жаңа өнімдер алыс және жақын шет елдерге де шығарылатын болады.

Ерік Сұлтанов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Бұл жұмыс жалғасатын болады. Зауыт келешекте крахмал, глютен шығармақшы.

Осы күні Парламент Сенатының депутаттары Иличевка селосында орналасқан Тайынша май зауытында да болды. Мұнда күнбағыс пен рапстан май өндіреді. Кәсіпорынға жақын маңдағы ауылдардан 80 адам тұрақты жұмысқа алыныпты. Зауыт басышылығы оңтайлы сәтті пайдаланып, сенат депутаттарына өздерін мазалаған мәселелерін жеткізді.

Ерік Сұлтанов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Тайынша май кәсіпорын рапс майының 80 мың тоннасын,18 мың тонна күнжараны Қытайға жөнелтпекші. Қазір зауытқа жүк вагондары жетіспейді. Бұл мәселені шешіп береміз.

Май зауытының құрылысы мен оны жабдықтауға қытайлық инвестор қаржы бөлген. Сенат депутаттары шетелдіктерге шикізаттың бағасына қатысты мәселені реттеп, еңбеккерлердің жалақысын көтеру керектігін сөз етті.
Қазіргі таңда өңір аграрилерінің дені майлы дақылдарды шикізат түрінде Еуропа және Орта Азия елдеріне өткізіп жүр. Елбасы тапсырмасына сәйкес, келешекте оның бәрі жергілікті жерде терең өңделуі қажет. Себебі дайын өнімді шетелге өткізу анағұрлы тиімді.

Ерік Сұлтанов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Нарықта рапстың тоннасы 120 мың тг, майдың тоннасы 300 мың теңге тұрады. Шикізатты өзімізде терең өңдеу арқылы біз еңбек өніміділігін жоғарылата аламыз. Сондықтан бұл зауыт өте қажет. Тайынша май кәсіпорыны биыл 180 мың тонна шикізатты өңдейміз деді. Алайда олар жылына оның 300 мың тоннасын өңдеуге қауқарлы. Дей тұрғанмен, кәсіпорынды бірінші, екінші жылдары толық қуатына көшіру мүмкін емес.

Халық қалаулылары Иличевка селосында орналасқан фельдшерлік-акушерлік пунктке де соқты. Әлеуметтік маңызы бар нысанның таспасы өткен жылдың жазында қиылды. Жергілікті тұрғындар 30 жыл бойы күткен нысан 15 млн теңгеге салынды. Қаражаттың жартысын жеке кәсіпкер Сайран Жакупов беріпті. Қазіргі таңда мұнда екі медициналық қызметкер еңбек етеді. Фельдшерлік-акушерлік пунктке күн сайын шамамен 10 адам жүгінеді.


Берік Қасен