Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыста барлық деңгейдегі әкімдердің есептік кездесулері қаңтардың 15-інде басталады

Бүгінге дейін сол өтініштердің 99 пайызы оң шешімін тапқан. 14 сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр. Есептік жиындарда халық көбінесе әлеуметтік маңыздағы сұрақтарды қозғапты. Биылғы кездесулерде де жолдың сапасы, балабақшамен қамту, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы салаларындағы мәселелер көтеріледі деп күтілуде.

Дархан Әмрин – облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары:

– Үстіміздегі жылы есептік кездесулер қаңтардың 15-і мен ақпанның 15-і аралығында өткізіледі. Облыс әкімінің халық алдындағы есебі ақпанның 22-сі сағат 11-ге бекітілді. Есептік кездесулердің кестесі күні бұрын құрылып, әкімдіктердің ресми сайтарры , электрондық БАҚ-тарда жарияланады. Аудандық, қалалық газеттерге де ақпарат беріледі.

Әкімдердің халық алдындағы есептік кездесулері бұрынғы тәртіппен өтеді. Тұрғындар өз өтініштерін ауызша айта алады немесе ұсыныс-тілектерді залдарға қойылатын жәшіктерде жазбаша түрде қалдыруға болады.

Дархан Әмрин – облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары:

– Биыл жерлестеріміз аудан әкімдерінің есептік кездесуін интерактивті онлайн трансляция арқылы көре алады. Сондай-ақ, фейсбук әлеуметтік желісіндегі әкімдік топтарына тіркелгендерге де үйден шықпай-ақ сұрақтарын онлайн тәртіпте қоюға болады. Барлық есептік кездесулер өтіп болған соң, 10 күнтізбелік күн ішінде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді шешу жөнінде жоспар құрылады. Бірде-бір сұрақ назарсыз қалмайды.

Осыған дейін аудан әкімдері залдарды толтыру үшін бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерін еркінен тыс қатыстыратын. Бұл жолы ондайға жол берілмейді. Осы жөнінде өңір басшысы Құмар Ақсақалов өткен жиындарда аудан әкімдеріне ерекше ескерткен болатын.

Берік Қасен