Білім

Білім беру ұйымдарының аттестациясы келесі жылға дейін шегерілді

Татьяна Гапчич – СҚО білім саласындағы бақылау департаменті жетекшісінің м.а:

– Аттестацияның негізгі бағыты – білім беру қызметтерінің мемлекеттік стандартқа сәйкестігін тексеру. Кешенді тестілеу барысында 4-ші, 9-шы және 11-ші сынып оқушыларының білім деңгейі бағаланады. 2017 жылы 69 балабақша, орта мектеп пен колледж тексерілді. Олардың 83 пайызы аттестациядан сүрінбей өтті. Өткен жылдармен салыстырғанда бұл өте жоғары нәтиже.

Аттестацияның кейінгі шегерілуіне қарамастан, білім беру ұйымдарының жұмысы назардан тыс қалмайды. Биыл оларды ішінара және жоспарсыз тексеру жоспарланыпты. Алайда, бұл бақылауға білім ошақтарының барлығы бірдей ілікпейді. Таңдау тек белгілі-бір талаптарға сай келмеген ұйымдарға түспек.

Татьяна Гапчич – СҚО білім саласындағы бақылау департаменті жетекшісінің м.а:

– 2015 жылдың желтоқсанында білім саласындағы қатер деңгейінің талаптары белгіленді. Өткен жылдың қарашасында оған сай келмеген 116 мектеп таңдалып алынды. Алғашқы жартыжылдықта олардың 39-ында тиісті тексеріс жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Білім ошақтарының 12-сі қалалық болса, 3-еуі – облыстық мектеп-интернат пен қалғандары – ауылдардағы білім ошақтары.

Заңнаманы бұзу фактілері тіркелген уақытта оларға байланысты ұйғарым шығарылып, олқылықтарды жоюға уақыт беріледі. Бұған қоса, жіберілген қателіктердің деңгейіне байланысты мекемелерге айыппұл салынбақ.

 

Эльмира Садвокасова