ТЖ

2018 жыл басталғалы өңірде 16 өрт оқиғасы орын алып үлгерген

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Статистикаға көз жүгіртсек, 268 өрт оқиғасы отқа немқұрайлылық таныту салдарынан орын алған, 191-іне электр сымдарының тұйықталуы себеп болыпты. Ал, 134 өрт фактісі пештерді дұрыс пайдаланбаудың кесірінен туындаған.

Ал, 2018 жыл басталғалы өңірде 16 өрт оқиғасы орын алып үлгерген екен. Қызыл жалын 2 теріскейліктің өмірін жалмаған. Осы ретте ТЖД мамандары қарқынды түрде азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, десе де өрттерің саны азаяр емес. Сондықтан, құтқарушылар қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Тағы, 19 қаңтарда өңірдің православ христиандары Крещение мейрамын атап өтеді.

Суға шомылуды меже еткен теріскейліктерге бірнеше ережелерді қаперде ұстаған жөн. Мәселен, суға баспен сүңгуге, көлікті мұздың үстіне қоюға, спирттік ішімдіктерді ішуге қатаң тыйым салынады. Отырыста ауа райы туралы да айтылды. Көктайғақ пен боран – жаяу азаматтар үшін де, көлік тізгіндеп, алыс жолға шығуды көздегендер үшін де аса қауіпті. Бүгінде құтқарушылар теріскейліктерге күн райының бұзылатындығы және жолдардың жабылатындығы жайлы ақпаратты смс-хабарлама арқылы жіберуде.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Бүгін, 11 қаңтар күні облыс аумағында дауылды ескерту жарияланды. Оған сәйкес өңірде қар жауып, қатты боран соғады деп күтілуде. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.

ТЖД мамандарының сөзінше қолайсыз ауа райы аптаның соңына дейін сақталады. Сондықтан, телефоныңызға ескерту хабарламасы келсе алыс жолға шығуды кейінге қалдырған абзал.

 

Саят Ермек