Денсаулық сақтау

Теріскейлік 10 мың мектеп оқушысына тұмауға қарсы вакцина егілмек

Фарида Мұхамеджанова – СҚО бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:

– Науқан алдында ел қазынасынан бөлінген 52 млн теңгеге 60 мың доза “Гриппол+” дәрісі сатып алынды. Ресейлік вакцина арнайы топтарға жататын адамдарға егілді. Яғни, бірінші кезекте иммундаудан медицина саласының қызметкерлері, балалар, жүкті әйелдер өтті. Сонымен, қатар 133 жерлесіміз ақылы түрде вакцина қабылдады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірде иммундау науқаны жалғасуда. Тұрғындардың емханаларға барып ақылы түрде екпе қабылдауларына мүмкіндіктері бар. Ал, жақында теріскейге “Гриппол+” вакцинасының 10 мың дозасы жеткізіледі. Оның барлығы мектеп оқушыларына тегін егілмек. Өйткені, қазіргі қауырт маусымда тұмауды балалардың жұқтыру ықтималдығы жоғары болып отыр.

Фарида Мұхамеджанова – СҚО бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:

– Көбіне тұмауды мектеп жасындағы балалар жұқтырады. Кейін, дерт науқас арқылы оның отбасы мүшелеріне тарайды. Осындай жағдайларды болдыртпау мақсатында оқушыларды иммундауға көп көңіл бөліп отырмыз. 10 мың доза дәрінің жартысы қаладағы ұл-қыздарға егілмек. Қалған вакцина ауылдардағы балаларға жіберіледі.

Өңірге жеткізілген вакцинаның 1700-і Петропавлдағы №1 қалалық емханаға тиесілі. Осы дәріні мамандар шаһардағы 13 мектептің оқшыларына екпек. Иммундау жұмыстарын 20-шы қаңтарға дейін аяқтау көзделген.

Светлана Давыдова – №1 қалалық емхананың эпидемиолог дәрігері:

– Қазан айынан бері біздің емханада жалпы 7 мыңға жуық адамға вакцина егілді. Иммундалғандардың жартысынан астамы – мектеп оқушылары. Мамандарымыз балалардың үйлеріне барып та қызмет көрсетеді. Ата-аналарының келісімі бойынша әр баспананы аралап, дәрі егеді.

Тағы, №1 қалалық емханада кез келген жастағы тұрғынның ақылы түрде дәрі қабылдауларына мүмкіндік бар. Бір вакцинаның құны – 2 мың 200 теңге. Жалпы, өңірде иммундау науқаны басталғалы бері тұмаумен ауырған науқас анықталмапты. Ал, жіті респираторлық вирустық инфекциясын 14 мың теріскейлік жұқтырған.

 

Култанов Байболат