Денсаулық сақтау

Президент жолдауында адами капиталты дамытуға басымдық берілген

Светлана Кашенцева – №1 қалалық емхананың бас дәрігері:

– Президент өзінің биылғы жолдауында ауруды асқындырмай, алдын-алу ісіне қарқын қосу қажеттігін айтты. Сонда еліміздегі науқастардың саны төмен болмақ. Әрі емге жұмсалатын қаржы мөлшері де қысқарады. Біздің емханада 7 жылдан бері алдын-алу әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесі жұмыс істейді. Ол жерде биыл 15 мың адамды скринингтік зерттеуден өткіземіз. Бөлімшеде “инсультті ескерту мектебі”, “жас ана мектебі” бар. Онда тұрғындар емделіп, ақыл-кеңес ала алады.

Тағы, елбасы республика халқына арнаған жолдауында жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға назар аудару қажеттігін айтты. Бұл бағытта да бірінші қалалық емханада ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, мекеменің мектептерде қызмет ететін медбикелері бар. Олар ұдайы біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұрады.

Светлана Кашенцева – №1 қалалық емхананың бас дәрігері:

– Біздің 18 медбике қаламыздағы 12 мектеп пен 2 колледжге бекітілген. Олар оқушылардың денсаулығын ұдайы бақылауда ұстайды. Қызметкерлер бұрындары Білім және ғылым министрлігіне қарайтын. Өткен жылдан бастап мамандар Денсаулық сақтау министрлігіне бекітілді. Нәтижесінде бұл мамандардың біліктіліктерін артыру ісіне көп көңіл бөлінеді.

Бұдан бөлек, аталмыш емханада елбасы жолдауында көтерілген мобильді цифрлық қосымшаларға көшу ісі де бастау алған. Қазіргі күні мекемеге 67 мың адам бекітілсе, биылдан бастап олардың сырқатнамалары электронды нұсқаға ауысады. Бұл дәрігердің де емделушінің де жұмысын жеңілдетпек. Тағы, маңызды құжатта диспансерлік кезекте тұрған жандардың санын азайту жайлы айтылған. Ол үшін дәрігерлер мен науқастар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болуы керек. Яғни, ауруханаға жатпай, ақ халатты абзал жандардың кеңесімен үй жағдайында емделуге де келетін боламыз.

Култанов Байболат