Қоғам

Қала кәріздерінен келген қалдық сулар “Легенда” саяжайына жайылып жатыр

Андрей Исаков – “Легенда” бағбандық серіктестігінің төрағасы, Петропавл қаласы:

– Қалдық бұрындары арықтар арқылы ағып, Поганка көліне құйылатын. Лас су бітеліп қалған суағарлардың ернеуінен асып, шамамен жалпы аумағы 700 шаршы метр жерге жайылып кетті. Күзде қалалық әкімдікке үш рет хат жаздым. Олардан әзірге жауап жоқ. Мұздың қалыңдығы жарты метрге жетіп қалды. Белгісіз пысықайлар суды түнде жіберулерін тоқтатар емес. Бүгінде 20 саяжайды су басты. Учаскелерде орналасқан нысандарға залал келеді. Үйлердің іргетасы ылғал тартып, үгітіле бастай ма деп алаңдаймыз. Мүліктерімізге зақым келсе, шығындарымызды кім өтеп береді?.

Оқиға орнына табиғатты қорғау прокуратурасы және экология департаментінің мамандары келіп, болып жатқан жағдайды өз көздерімен көрді. Мамандар қандай да бір алдын-ала болжам жасауға әлі ерте дейді.

Азамат Бектасов – СҚО бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:

– Өкілетті органдар лас суды заңсыз ағызып жатқан кәсіпорынды іздеп табады. Кейін СҚО бойынша экология департаментінің мамандары жоспардан тыс тексеріс өткізеді. Сараптама нәтижесінен кейін бәрі белгілі болады. Қазір қоршаған ортаға зиян келіп жатыр деп шорт кесіп алдын-ала болжам айтуға ерте.

Заңға қайшы әрекет расталса, қалдық төккендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Әзірге, эколог мамандары тұрғындардың шағымы негізінде жаз мезгілінде Поганка көлінің суынан сынама алмақшы.

Берік Қасен