Денсаулық сақтау

Петропавлда медбикелік күтім бөлімшесі ашылды

Құрбан Абдулсалямов:

– Менің мұнда жатқаныма 5 күн болды. Медбикелер жақсы күтім жасайды. Дәрі-дәрмек береді, тамақтандырады. Аяқтарым ауырады, сондықтан, медбикелердің көмегі қажет-ақ.

Бөлімшеде бір ғана дәрігер бар, қалғаны медбикелер. Олар мұндағы ем алушыларға медицианлық көмектен бөлек, психологиялық қолдау да көрсетеді.

Орынбасар Сапарова – медбикелік күтім бөлімшесінің меңгерушісі, дәрігер – терапевт:

– Бөлімшеге созылмалы аурулары бар, не ауыр дерттен айыққандар, қараусыз қалған мүгедек жандар мен өз-өзіне қарауға шамасы келмейтін қариялар жатқызылады. Оларға қарқынды терапия не тәуліктік дәрігерлердің бақылауы керек емес. Оларға білікті орта буын медициналық қызметкерлер ем-дом шараларын жасайды. Яғни, мұнда жатқандарға әлеуметтік, психологиялық және медбикелік көмек көрсетіледі. Тағы біздер үй жағдайында мұндай науқастарға қалай көмек көрсету керектігін отбасы мүшелеріне үйретеміз.

Бөлімшеге емдеуді қажет етпейтін, тек күтімге мұқтаж жандар ғана жатқызылады. Оларға медбикелер бар жағдайды жасайды. Емделушілер бөлімшеде 30 күнге дейін тегін ем қабылдай алады. Ал бұл жерге қабылдау үшін міндетті түрде учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет.

Галина Мәметова – №1 қалалық аурухананың бас дәрігері:

– Көмек тек жоспарлы науқастарға көрсетіледі. Мұнда қала тұрғындарынан бөлек, аудандардан да келіп жата алады. Науқастар госпитализация бюросы порталы арқылы бізге жіберіледі. Учаскелік дәрігерлерінің қарауынан соң, күтімге қажет жандар жатқызылады. Көбіне, мұнда қартт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар келе алады. Егер олардың жағдайы нашарласа, онда ауруханаға жолдаймыз.

Бөлімше 1-ші қалалық аурухананың терапия бөлімшесіндегі жатын орындардың санын қысқарту есебінен ашылған.

Галина Мәметова – №1 қалалық аурухананың бас дәрігері:

– 2017 жылы бізге қаржы бөлінген жоқ. Сондықтан қосымша қондырғылар алынған жоқ. Енді осы жылы қаражат табылып, бірқатар құрал жабдықтарды аламыз деген ойдамыз. Бізге мүгедек жандарға арналған арбалар, көпфункционалды төсек сынды заттар қажет.

Әзірге мұнда медбикелер жеткілікті. Егер емделушілер қатары артса, алдағы уақытта қызметкерлердің санын да арттыра түсу жоспарда бар.

Магжан Ахмадина