Қоғам

Мәжiлiс депутаттары Аққайың ауданына жұмыс сапарымен барды

Наталья Брысенкова – Аққайың аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы:

– Ардагерлер ұйымына 1962 жылы Кубада болған «Анадырь» операциясына қатысқан жауынгер келді. Бүгінде елімізде оған қатысқан тек екі адам бар. Солардың бірі Аққайын ауданының тұрғыны. Алайда, олар ардагерлер санатына қосылмағандықтан, ешбір жеңілдіктерге қол жеткізе алмайды. Бұл мәселені де депутаттар бір жақты етсе деймін.

Мұрат Теміржанов алғашқы екі сұрақ бойынша, облыстық ардагерлер ұйымына жүгіну қажет дейді. Олар мәселені республикалық кеңеске жеткізіп, шешетін болады.

Мұрат Теміржанов – ҚР Парламенті Мәжiлiсінің депутаты:

– Ал, Анадырь операциясына қатысқан азаматтың мәселесін бірлесіп шеше аламыз. Алдымен қорғаныс министрлігіне жүгінейік. Олар тиісті тексеріс жүргізіп, ардагерлер санатына қосу шараларын қарастыратын болады.

Базынасын арқалап келгендердің қатарында Аққайың аудандық жастар ресустық орталығының директоры Азат Биғожин да бар. Оны жастардың көршілес Ресейдің жоғары оқу орындарына түсуі алаңдататын көрінеді. Себебі, 4-5 жыл жақын шетелде білім алған жас мамандардың басым бөлігі елге қайта оралмауда.

Азат Биғожин – Аққайың аудандық жастар ресурстар орталығының директоры:

– Біздің аудан түлектерінің 40 пайызы Ресейдің жоғары оқу орындарына түсіп жатады. Араларында елге оралатындары бар, бірақ көпшілігі сол жақта жұмыс істеп қалып жатыр. Менің сұрағым – отандық білім ордаларының оқу ақысын төмендетуге бола ма екен.

Бүгінде бұл өзекті мәселеге айналды дейді мәжіліс депутаты. Сондай-ақ, жерлестеріміз қабылдау кезінде елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету, 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі балалардың күтімін де сөз етті. Мұрат Теміржанов бұл сұрақтарды ескеріп, бақылауға алатынын айтты.
Кейін Мәжілісмендер аудандық жұмыспен қамту орталығының жұмыс барысымен танысты. Нысан электрондық кезек пен бір терезе қағидасы негізінде жаңа форматта жұмыс істеп жатыр. Қазір мұнда 12 адам қызмет етеді.

Айына орталыққа ондаған адам жүгінеді. Мамандар оларды жұмыспен қамтып, не болмаса қайта оқытуға жібереді екен. Мәселен, өткен жылы 150 шақты тұрғын жаңа мамандық иесі атанған.

Қизат Құрманбаев – Аққайың аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Біздің орталық халықты жұмыспен қамту шараларымен айналысып, жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға және жеке кәсіпкерлікті ашуға шағын несие рәсімдейді. Өткен жылы біз жалпы сомасы 110 млн теңгені құрайтын несие бердік. Олардың 80 пайызы қосалқы шаруашылықты ашуға бағытталған. Ал, жұмыссыз жүргендерді қызметке тұрғызамыз. 2017 жылы 238 адамды экологиялыққ тазалық жұмыстарына қатыстырдық.

Смирново ауылынан кейін, мәжіліс депутаттары Дайындық селосына бас сұқты. Елді мекенде 54 үй түтін түтетіп отыр. Олардың барлығы орталықтандырылған су мен жылу жүйесіне қосылған. Бұл жұмыстың барлығын «Дайындық-Агро» ЖШС жүргізген екен. Сондай-ақ, агроқұрылымның бастамасымен ауылда мешіт, шағын орталық пен мәдениет үйі ашылған. 2017 жылы медпунктің де таспасы қиылыпты.

Біржан Шаймерденов – «Дайындық-Агро» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Бес үй салдық, қазандық орнаттық. Орталықтандырылған жылу жүйесін өткізіп, медпункт салдық. Қазір 9 шақырым болатын жол төсеп жатырмыз. Оның 7,5 шақырымы аяқталды. 02-54 Биылғы жылы спорттық кешен тұрғызу ойда бар.

Ауылдан көшуге ниеттенгендер жоқ. Керісінше, оңтүстік облыстардан қоныс аударушылар көп. Олар да жұмысқа орналастырылып, баспана кілтіне ие болуда. Мәжілісмендер бұл серіктестік басшысының арқасында екенін атап өтті. Алайда, ауданның бірақатар салаларында кемшіліктер де бар. Бұл аграрийлерімен кездесуде сөз болды. Қазіргі таңда аграрийлердің қолданысындағы комбайндардың 72-73 пайызы ескірген.

Сергей Звольский – ҚР Парламенті Мәжiлiсінің депутаты:

– Елімізде АӨК дамыту картасы қабылданды. Оның бір бағыты техникалық базаны жаңартуға байланысты. Бұл ретте қазақстандық зауыттарда жиналатын техникаға қолдау көрсету қажет.

Агроқұрылым басшылары, сондай-ақ, жерге салынатын салық төлеу әдісін өзгертуді тілге тиек етті. Мәжіліс депутаттары аграрлы сала тізгінін ұстаған азаматтардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, мәселелердің шешім табуын назарда ұстайтындарын айтты.

 

Эльмира Садвокасова