Ауыл шаруашылығы

Шетелден заңсыз жолмен келген астық шекара бекеттерінде кері қайтарылады

Владимир Отрадных – ҚР АШМ АӨК МИК СҚО аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы:

– Алып-сатарлар Ресейдің арзан бидайын заңсыз жолмен шекарадан Қазақстан аумағына өткізіп, оны жоғары бағамен Азық-түлік келісім шарт корпорациясына өткізбекші болып жүр. Алаяқ саудагерлердің жолын кесу үшін өңіріміздің 4 ауданында мобильдік топтар құрылды. Оған аудан әкімдері, тәртіп сақшылары, салықшылар және карантиндік қызмет мамандары мүшелік етеді.

Мобильдік топтар өткен жылдың соңғы күндері Мамлют, Қызылжар, М.Жұмабаев және Уәлиханов аудандарында құрылыпты. Топ мүшелері шекара бекеттерінен өтетін астық тиелген жүк көліктерін тексереді. Ондағы бидайдың жеткізілетін орнын қағазға түртіп алады. Ол туралы фискалдық органдар және Азық-түлік келісім шарт корпорациясына хабар беріледі. Себебі, алып-сатарлар кейін экспортталған астықты корпорацияға өткізіп жіберуі мүмкін.

Владимир Отрадных – ҚР АШМ АӨК МИК СҚО аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы:

– Аудан әкімдері шекарашылардан хабар алып, оны мобильдік топқа жеткізеді. Тексеру барысында астықты тасымалдаушы 10 жүргізушінің қолында тиісті құжаттары болмай шықты. Сол үшін жүргізугізушілерге жалпы сомасы 454 мың теңгенің айыппұлы салынды.

Желтоқсанның 28 мен қаңтардың 3-і аралығында облыс аумағына Ресейден өтпек болған 26 астық толы жүк көлігі тоқтатылған. Мобильдік топтың тексерісінен өтпей қалған соның 10-ы келген жағына кері қайтарылды.

Берік Қасен