МТРА жаңалықтары

Сенат депутаттары өңір полицейлерін жаңа заңдармен таныстырды

Кейін депутаттар тәртіп сақшыларының отырысына қатысты. Жиында өңірдің бас полицейі Берік Біләлов өткен жылға қорытынды жасады.

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:

– 2017 жылда қылмыс жасаған 108 адам ұсталды. Сонымен қатар, өткен жылы жол-көлік оқиғаларының салдарынан зардап шеккен және қаза тапқан азаматтардың саны біршама кеміді.

Жуырда ҚР Парламенті Сенатының күзгі сессиясының жұмысы тәмамдалған болатын. 4 айдың ішінде халық қалаулылары қоғамның түрлі саларын қамтитын 41 жаңа заңнаманы қабылдапты. Онымен қоса, әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Соңғысындағы жаңашылдықтарға Жоғарғы Палатаның депутаты Ерік Сұлтанов тоқталды.

Ерік Сұлтанов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Қолданыстағы заңға сәйкес құқық қорғау органдары азаматты 72 сағат қамауда ұстай алатын. Бұл уақыт ендігі кезекте 48 сағатқа дейін қысқартылды. Ал, кәмелетке толмағандар үшін 24 сағатты құрайтын болады. Азамат аса ауыр қылмыс жасаған жағдайда ғана оны 72 сағатқа қамауда ұстауға рұқсат берілген.

Заңда тергеу амалдарының тиімділігін арттыруға және оңтайландыруға баса назар аударылған. Мәселен, кейбір экономикалық қылмыстар үшін қамауға алу қарастырылмайды. Алайда, бұл өзгерістердің жасанды ақша шығару, контрабанда, қаржылық пирамидалар және ұйымдасқан қылмыстарға қатысы жоқ.

Депуттардың айтуынша биыл ІІМ бөлінген қаржы көлемі біршама ұлғайған. Алдағы уақытта полиция қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын арттыруға де екпін берілмек.Жиында депуттаттар тәртіп сақшыларының қабылданған заңдар төңірегіндегі ойларын тыңдап, оларды ескеретіндерін айтты. Өтініштер мен шағымдар болса жазбаша түрде жолдауға кеңес берді.

 

Саят Ермек