Қоғам

Қыс ортасында Вишнёвка селосының тұрғыны үйін өрттеп жіберді

Бұл үйді қаңтардың 6-сы күні кешкі сағат 7 жарымдарда өзге емес ішімдік ішкен иесі өзі өрттеп жіберді. Ол оқиғаға дейін әйелімен сөзге келіспей қалыпты. Жанжал кезінде ашуға әбден булыққан азамат зайыбына пышақпен дене жарақатын салған. Абырой болғанда нәзік жанды аман қалды.

Евгений Снегирев – зардап шегушінің баласы:

– Анамның халы қалыпты. Ол облыстық ауруханада ем қабылдауда. Пышақ ішкі органдарға зақым келтірмепті. Сол себепті дәрігерлер аса қауіптенетін жарақат емес дейді. Анамның ауруханадан қашан шығатына әлі белгісіз.

Әйелін пышақтаған азамат өзіне де қол жұмсамақ болыпты. Осылайша, үйін өрттеп өлуге талпынған. Алайда, оны тәртіп сақшылары дер кезінде оттың ортасынан құтқарып алды. Қазір ол да 3-ші қалалық ауруханада жатыр.

Сырымбет Жанпеисов – Қызылжар аудандық ІІБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:

– Вишнёвка ауылына келгенде бірден сол үйге бардық. Үй маңына жақындай бергенде, түтін иісін сездік. Баспана ішінен шыққан дауысты естігенде, есікті бұзып, ішінен үй иесін алып шықтық. Енді айыпталушыға байланысты 192-ші баптың 1-ші тармағы “Пышақ жарақаты” бойынша іс қозғалды.

Бәрінен де қақаған қаңтарда баспанасыз қалған қос қызға қиын. Олар бүгін күлі көкке ұшқан бұрынғы үйлеріне сырттан қарап жүр. Қазір жеткіншектер үлкен әпкелерінде тұруға мәжбүр.

Камила Хасанова – зардап шегушінің қызы:

– Бұл үйді 2016 жылдың соңында 2 жарым млн теңгеге алғанбыз. Алайда, міне ұзақ тұрмай өрттеніп кетті. Өгей әкеміз анамды жиі ренжітетін. Биыл тәртібі түзелгендей болған. Дегенмен, бұрынғы әдетіне қайта басып осындай жағдайға душар қылды.

Алёна Тарасова – зардап шегушінің қызы:

– Ол бізге жиі ұрсатын. Ашуланғанда әпкем екеумізді пышақтап тастаймын дейтін. Одан барлығымыз қорқатынбыз.

Шаңырығы шайқалған отбасы мүшелеріне теріскейлік жомарт жандар көмектесуде. Кеше 4 бірдей жерлесіміз келіп, зардап шегушілерге киім-кешек, азық-түлік әкелген. Үлкен қыздарының жеке шотына ақша аударғандар да бар. Жерлестерімізге көмек қолын созғыларыңыз келсе, экранда көрсетілген нөмірлерге хабарласып, сауабы мол іс жасай аласыз.

 

Култанов Байболат