Қоғам

17 жылға созылған көршілердің жанжалы

Бұл жағдай осымен 17 жылдың көлемінде жалғасып келеді дейді жауапсыз қала тұрғындарының көршісі Дмитрий Семенин. Малдың қиы тұрғындар пайдаланатын көшеге қысы-жазы төгелетін көрінеді. Аты-шулы баспана иелері көршілерінің ешбір ескертулеріне құлақ асар емес. Бұл жағдай бойынша маңайдағылар тіпті учаскелік инспекторға да шағымданған. Десе де, әзірге нәтиже жоқ.

Дмитрий Семенин:

– Бұл жағдай 17 жыл бойы жалғасып келеді. Басында мән бермеуге тырыстым. Мал қалдықтары көшеге күнде төгіледі. Жаз кезінде иісі түгед көшені алады. Таза ауамен дем ала алмаймыз. Бұл жағдайды біз жанжалсыз шешкіміз келді. Бірақ олар дөрекі сөйлеп, ескертулерімізді тыңдағылары да келмейді.

Ал Валерий Кляцкий болса осы үйдің сырт жағында тұрады. Оның баспанасы көршілерінің бақшасына қарап тұр. Көшемен қоймай, жауапсыз тұрғындар аула мен бақшаны да мал қалдықтарымен толтырып қойыпты. Құдайы көршілер арасында осы үшін ұрыс-керістер жиі орын алып тұрады екен.

Валерий Кляцкий:

– Олар біздің арт жағымызда орналасқан бір үйді сатып алды. Кейін сол үйді бұзып тастады. Қабырғасына малдың қиын үйіп қойды. Енді ашық қалған қабырғаны жабайық десек, жапқызбайды. Ұрыс-төбелеске дейін де барды.

Көше тұрғындары маңайдағы жағымсыз иіс пен көріністен ғана зардап шегіп отырған жоқ. Олар салақтықтың кесірінен аулада кеміргіштер мен түрлі жәндітердің пайда болғанына да наразы.

Асхат Мапенов – СҚО экология департаменті экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы:

– Қара мал ұстайтын тұрғындар белгілі бір санитарлық және ветеринарлық ережелерді ұстануы тиіс. Әрбір адам таза қалада тұрып, таза ауамен демалуға құқылы. Егер бұл жағдайдың санитарлық нормаға сай еместігі дәлелденсе, онда осы мекен-жай бойынша тұрып жатқандар 15-тен 20 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді.

Енді бұл жәйттің шешімін табу үшін барлық шағымданушылар жиналып тиісті мекемеге арыз жазулары керек.

 

Молдир Макишева