Ауыл шаруашылығы

СҚО-да 151 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс жасайды

Владислав Косарев – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Жергілікті атқарушы органдар бұл іске білек сыбана кіріскендері көрінбейді. Өйткені, шаруа қожалықтары, ЖШС-тер қағаз жүзінде кооператив болып өзгертіліп жатыр. Аты өзгергенімен, олардың атқаратын жұмысы кооперативтерге сай келмейді. Негізінен, ауыл шаруашылығы кооперативі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің материалдық және басқа қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында құралады. Сонымен қатар олардың мүліктік үлеспұлдық жарналарын біріктіру жолымен бірлескен өндірістік немесе өзге шаруашылық қызметті жүзеге асыру үшін ерікті мүшелікті көздейді. Олар тиісінше бірлесіп пайда табады.

Мәселен, Тайынша ауданындағы “Келлеровка прогресс” ауыл шаруашылығы кооперативінің негізі 2016 жылы қаланған. Ұжым бастапқы жылы қара малды асылдандырумен айналысса, уақыт өте келе ауыл тұрғындарынан күніне 1,5 тонна сүт өнімін қабылдай бастаған. Міне, бүгіндері бірлестікке мүше болған ауыл тұрғындарының ісі ірге домалап, сүт қабылдау пунктін ашып отыр.

Ержан Хамитов – “Келлеровка прогресс” АШК төрағасының орынбасары, Тайынша ауданы:

– Нысанды тұрғызып, керекті құрал-жабдықтарды сатып алу үшін “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы несие алдық. Енді біздің кооператив тәулігіне 7-8 тонна сүт қабылдауға қауқарлы. Негізінен, Ақмола облысының кәсіпорындарымен келісімге отырып, олармен жұмыс жасаймыз.

Бүгінде кооперативтерге бірігіп үлгергендер ендігі кезекте салық заңнамасын өзгертіп, біраз жеңілдіктер қарастыруды сұрап отыр. Сондай-ақ, облысымызда кооперативтердің санын артырып қана қоймай, онда өндірілетін өнімдердің сапасы мен көлеміне де баса назар аударған жөн. Осы орайда, “Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты” ЖШС бүгіндері өңіріміздегі 10 кооперативпен бірлесіп жұмыс жасайды.

Аюп Ысқақов – «Солтүстік Қазақстан МӨҒЗИ» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– Кооперативтерді құру ол тек қана адамдарды бір жерге ұжысдастыру емес, белгілі бір берілген шаруашылықты тиімді жүргізу. Мысалы, біз сүт шаруашылығын алайық. Ірі қарадан алынатын ақтың сапасына баса назар аударуымыз керек. Оның белгілі бір майлылығы, құнарлығы болуы шарт. Оның барлығы малды қалай күтеміз соған байланысты. Екіншіден, малдың дені сау болу керек. Себебі, сүт адамның ағзасына ешқандай зиян келтірмеуі керек. Тек қана пайдасы тиюі қажет. Оның барлығын біз ғылыми түрде жүргізбесек, фермерлерге үйретпесек, ондай нәтижеге қол жеткізу қиындық түсіреді.

Айта кеткен жөн, бүгінгі таңда теріскейде 151 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Оның 111-і ет, 38-і сүт өнімдерін, біреуі құс және омарта шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс жасаса, 6-уы бордақылау алаңы ұйымдастыру үшін құрылыпты.

Тогжан Акмагамбетова