МТРА жаңалықтары

“Қызылжар Су” ЖШС су құбырының жарылуы техникалық ақаудан деген ұйғарым шығарды

Арман Сауытов – “Қызылжар су” ЖШС техникалық директоры:

– Су құбырын 2017 жылы көкшетаулық компания орнатқан болатын. 2 жылдық кепілі болғандықтан, бұл компания барлық шығынды өтейді. Жалпы апаттық жағдайды біз бірден жойдық. Кейін барлық үйлерге қоңырау шалып, судың қосылғанын тексердік.

Төтенше жағдай орын алған уақытта тұрғындарға 2 сағат сайын су әкелініп тұрған. Интернационал көшесіндегі 83 үй тұрғындары да кеше күнімен сусыз отырған. Осы баспанада тұратын зейнеткер Ермек Қаражұманов апат біраз қолайсыздық тудырды дейді. Десе де, серіктестік өкілдерінің тұрғындарды үздіксіз тіршілік көзімен қамтамасыз еткені дұрыс болған.

Ермек Қаражұманов – қала тұрғыны:

– Таңертең тұрсақ, су жоқ екен. Сағат 10 кезінде 15 литр су толтырып алдық.

Ермек ата сияқты зейнеткерлерге мекеме қызметкерлері суды пәтеріне дейін әкеліп берсе, өзгелері ыдыстарын аулаға тоқтаған арнайы көліктің суынан толтырған. Сәтпаев көшесі, 2 мекен-жайы бойынша тұратын Алина Дрягина да түстен кейін 10 литр су алып, асқа пайдаланыпты.

Алина Дрягина – қала тұрғыны:

– Күндіз біздің аулаға машинамен су әкелінді. Бірден ыдыстарды толтырып алдық. Ал кешке жұмыстан келген уақытта су қосулы болды.

Қазір тиісті мамандар құбырдың не себепті жарылғанын анықтауда. Сараптама өткізілгеннен соң істің мән-жайы мен кінәлілер белгілі болады. Әзірге жергілікті кәсіпорынның басшылығы құбырдың жарылуы техникалық ақаулардың кесірінен болуы мүмкін деп отыр.

 

Молдир Макишева