Балалар

Петропавлда пәндік олимпиаданың облыстық кезеңі өтті

Милана Курманова – Мәдениет орта мектебінің оқушысы, Айыртау ауданы:

– Қазақ тілін таңдаған себебім, бұл пән жаныма жақын. Болашақ мамандығыммен тығыз байланысты.

Ал Данияр Аңдамасов болса, мұндай олимпиадаларға жиі қатысады. Осыған дейін аталмыш білім сайының облыстық және республикалық кезеңдерінде үздіктер қатарынан көрініп үлгеріпті. Географияны 5-ші сыныптан жетік меңгерген Данияр бұл жолы да жүлдесіз қалмайтынына сенімді.

Данияр Аңдамасов – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

– География өте қызықты пән болған соң, олимпиадаларға қатыса бастадым. Көбіне өзім даындалғанды ұнатамын.

Оқушылардың жұмысын М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің профессорлары мен облыстың ең білікті ұстаздары бағалайды. Барлығы екі кезеңнен тұратын білім додасына Петропавл қаласы мен аудан мектептерінен 578 оқушы қатысуда. Олар 15 пән бойынша бақтарын сынайды.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Бүгін олимпиаданың үшінші кезеңі өткізіліп жатыр. Негізгі мақсаты – талантты, дарынды оқушыларды таңдап алып, республикалық кезеңге жіберу.

Жүлделі орындардан көрінген оқушылар наурыз айында өтетін республикалық олимпиадаға жолдама алады. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы сайыс Атырауда, ал жаратылыстану-математикалық пәндердің додасы Қостанай қаласында өтпек.

 

Молдир Макишева