Энергетика

Облыс орталығындағы 325 көпқабатты үйге жылу есептегіш құрал орнатылған

Мағауия Сағандықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– Осының салдарынан мемлекеттік бағдарламаның жұмысы 2018 жылдың қарашасына дейін ұзартылды. Заң бойынша әр тұтынушы жылу энергиясы үшін төлемді жылу есептегіш аспаптың көрсеткіштеріне сүйеніп жүргізуі тиіс. Бұл ең алдымен тұрғындар үшін тиімді. Жылу есептегіш қондырғы көрсеткіштерді автоматты түрде серіктестікке жіберіп отырады. Яғни әр пәтер тек пайдаланылған энергия үшін ақша төлейді.

Құрылғы Ресейде жасалған. Бағасы 700 бен 900 мың теңгенің аралығында. Оның құнын тұрғындар бағдарлама аясында 4 жылдың ішінде бөліп қайтара алады. Шамамен әр пәтерден айына 200-ден 400 теңгеге дейін шығады. Сол 4 жыл бойы аспапты тексеріп, оған қызмет көрсету “Севказэнергосбыт” тарапынан жүргізіледі.

Александр Васильев – Петропавл қалалық әкімдігінің жанындағы ПИК кеңесінің төрағасы:

– Мен төрағалық етіп отырған кооператив қарамағындағы үй қондырғының тиімділігін алғашқы айдан бастап байқады. Екі бөлмелі пәтер үшін шамамен 3 мың теңге көлемінде ғана төледік. Айтарым, аспап жылу мөлшерін көбейтпейді де, азайтпайды да, тек тіркейді. Жылу көлемін ауа райына байланысты реттеп отыруға да болады.

Айта кетейік, жаңа жылдан бастап жылу энергиясы үшін сараланған тариф қымбаттады. Былтыр әр шаршы метрге қарастырылған жылу үшін 122 теңге төлесеңіз, биыл бұл сома 128 теңгені құрайды. Ал 2017-ші жылдың қазан мен қараша айларында есептегіш құрал орнатқан үйлер пәтердің әр шаршы метріне орташа есеппен 49 теңгеден ғана есеп айырысқан. Үнемділікті байқамау мүмкін емес, әрине. Бастысы, қондырғы баспанаға берілетін жылудың сапасына еш әсер етпейді. Бүгінде Петропавл бойынша есептегіштердің тиімділігін 457 көпқабатты тұрғын үй көріп отыр.

 

Саят Ермек