Қоғам

Тұрғын үй қатынастары туралы заң жобасы қоғам талқысына ұсынылды

Бұндай жағдай еліміздің басқа өңірлерінде де өзекті. Осыған байланысты тиісті министрлік “Тұрғын үй қатынастары” туралы заңға өзгертулер енгізбекші. Бүгінде заң жобасының концепциясы бекітіліп, қоғамдық талқылауға ұсынылды.

Cергей Худяков – СҚО ПИК қауымдастығының төрағасы:


– Заң жобасы ПИК төрағалары арасында кеңірек талқыланбақ. Көп жылдық тәжірибесі бар ПИК төрағаларының ұсыныс-тілектері ескеріледі. Қазір тұрғындар бір ай ішінде үйді басқаратын төрағаны тағайындауы тиіс. Олай болмаса, бұл іске тұрғын үй инспекциясы араласады. Ал меншік иелерінің бірлестігін құру туралы шешімді тұрғындардың өздері қабылдайды. Осы тұста, пәтер саны 10-нан аспаған көпқабатты үйлер бір серіктестікке біріктірілетінін атап өткен жөн.

Қазіргі таңда баспана иелерінен жиналған қаражаттың бір бөлігі үйді ағымдағы жөндеуден өткізуге жұмсалады. Жаңа нормада бұл жүйе біршама өзгермек.

Cергей Худяков – СҚО ПИК қауымдастығының төрағасы:


– Қазір көппәтерлі үйдің тұрғындары әр шаршы метр үшін шамамен 45 теңге төлейді. Мысалы, жалпы аумағы 50 шаршы метрлік пәтерден ай сайын 2 405 теңге жиналады. Келешекте бұл қаражат Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне аударылып отырылуы мүмкін. Жинақтаушы қордағы қаржыға мемлекет есебінен үстемеақылар мен сыйлықақылар қосылып отырады. Бірнеше жыл өткенен кейін тұрғындар бұл ақшаны шоттан шешіп алып, оны ауқымды күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсай алады.

Жаңа заңда көрсетілгендей, электрик маман, сантехник, аула сыпырушылар қызмет көрсету ұйымдарына біріктіріледі. Оларға жалақыны тұрғындар төлейді. Сәйкесінше, әр үйдің қаржылық жүктемесі көбеймек.

Тұрғын үй қатынастары туралы заң жобасы жыл соңына дейін талқыланады. Ондағы жекелеген нормалар күшіне енсе, учаскелік полиция инспекторлары пәтер иелерінің рұқсатынсыз дәлізге, баспана ішіне кіру құқығына ие болады. Себебі, инженерлік коммуникацияларда ақаулар шыққанда, жөндеу жұмыстары кезінде баспана иелері пәтерлерінде болмай жататын көрінеді.

Берік Қасен